Елде интернеттің жылдамдығы әлі де төмен – Бағдат Мусин - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елде интернеттің жылдамдығы әлі де төмен – Бағдат Мусин

13.09.2023

Елде интернеттің жылдамдығы әлі де төмен. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Үкімет отырысында ғаламтор сапасына қатысты осылай деп пікір білдірді.

Жалпы шалғай елдімекендерді 100% интернет желісімен қамту 2027 жылға дейін жалғасады. Ал ірі қалалардың тұрғындары сапалы интернетке қашан қол жеткізеді? 

«Астана интернет жылдамдығы бойынша Токиодан озып кетті». Бағдат Мусиннің бұған дейін осылай деп мәлімдегені елдің есінде. Оған халықаралық сараптамалық рейтинг түзетін компаниялардың зерттеу қорытындылары негіз болған. Ал қала тұрғындары проблема әлі де бар екенін айтып отыр.

Елімізде байланыс сапасына қатысты проблемалардың бар екенін Цифрлық даму министрі де мойындайды

Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

Менің ойымша, қазақстандықтар қазіргіден де сапалы интернетке лайық. Өкінішке орай, проблема әлі де бар. Елімізде мобильді байланыс бәсекелестік ортаға берілген. Барлығы қолжетімді бағада сапалы интернет беруге тырысулары керек.

Заң бойынша министрлік ұялы байланыс операторларының жеке нарығына араласпауы керек. Алайда, жағдай жақсармаған соң мемлекеттік орган бақылауды күшейтуге мәжбүр. Президент өз Жолдауында интернетпен тікелей байланысты ІТ саласын қарыштатып дамытуды тапсырғаны белгілі. Өзге салаларда негізгі тауарды құрылғылар өндіріп шығарса, ІТ саласында оны шығарушы – адам. Сондықтан маман дайындауға ерекше назар аударылады.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

Білім беру ісімен ІТ инфроқұрылымды дұрыс, сауатты ұйымдастыра білу қажет. Біз жаһандық ІТ нарықтың толыққанды мүшесі болуға ұмтылуымыз керек. Ол үшін әрбір өңірде өз ІТ хабы мен заманауи ІТ мектептері болуы тиіс.

Елімізде 16 мыңнан астам ІТ компания бар. Салада 180 мыңнан астам адам жұмыс істеп жатыр. Қазақстанға сырттан кадр тарту үшін Орталық Азия және Түркі мемлекеттерінің стартаптарын қолдауға бағытталған Digital Nomad Visa жобасы жүзеге асырылмақ. Осылайша қазіргі проблемаларды шешіп қана қоймай мемлекет басшысы жүктеген межеге еркін қол жеткіземіз, деді Бағдат Мусин.


Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу