Елде құмар ойынға тәуелділер саны күрт көбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елде құмар ойынға тәуелділер саны күрт көбейді

13.09.2023

Елімізде құмар ойындарға тәуелді тұрғындар көбейіп барады. Мамандар әрбір бесінші адамның лудоман екенін айтып дабыл қағуда. Азарттың арбауына түсуге басты себептердің бірі-құмар ойындардың ашық жарнамалануы. Аягөз Оралбайқызы бәс тігіп, барынан айырылып қалған тұрғындармен тілдесті.

Әмір – Астана қаласының тұрғыны. Бірақ Шымкентте оқиды. 22 жастағы жігіт 3 жыл бойы құмар ойынның шырмауында болған. Ол «ставка тігуіме бала күнімде ақшадан таршылық көрмей өсуім себеп болды» дейді. Себебі, қаражатсыз жүре алмай, құмар ойынға барған. Соның салдарынан қарызға батып, алаяқтық та жасағанын айтады. Қазір оның банкке және адамдарға 30 млн теңгедей қарызы бар.

Әмір, Астана қаласының тұрғыны:

Басында бәс сізге жұмыс істесе, соңында сіз оған жұмыс істеп кетесіз. Өйткені, ол жердегі жүйе сондай. Осы уақытқа дейін тіккен ақшаларым, осы уақытқа дейінгі үйдегілердің уайымы, барлық істеген ісіме қазір тек мен емес, үйдегілер де жауап беріп жатыр, сол үшін өкінемін.

Бірақ Әмір оңалту орталығының мамандарына жүгінді. Қазір лудоманияның зиянын түсініп, қалыпты өмірге оралып келеді. Ал Ақтөбелік 23 жастағы тұрғын құмар ойынның шырмауынан шыға алмай қалды. Ол букмекерлік кеңсеге 1 миллион теңгеден астам қаржысын ұттырып, өз-өзіне қол жұмсады. Кейін оның әкесінің жалақысын түгелдей бәске тігіп жібергені белгілі болды. Ал, Таразда лудоман басшы өз қаржы ұйымын тонап, 24 млн теңгеден астам қаражатты қолды қылды. Күдікті қазір қамауда отыр.

Гүлсара Мұхтарқұлова, Жамбыл облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы:

Мұндай мәжбүрлі қадамға спорттық құмар ойындар салдарынан ұтылысқа ұшырағанын және кезінде осындай құмар ойындар үшін алған 5 несие бойынша жинақталған қарыздарға байланысты барғаныны айтып түсіндірді.

Маңғыстауда да лудоманға қатысты шулы оқиға болды. Былтыр Бейнеу ауданының тұрғыны лото-клубты өртеп, 5 жылға шартты мерзімге сотталды. Ол 20 жыл бойы құмар ойын ойнап, 200 млн теңге ұттырған. Мамандардың айтуынша, лудомания яғни, ойын құмарлық- психикалық ауру. Сондықтан олар психикалық орталықтарда емделуі тиіс. Бірақ, науқастар жеке клиникаларды жағалайды. Себебі, бақылауға алынса, жұмысқа орналаса алмайды. Сондықтан да Ақтаудағы психикалық орталыққа әлі күнге ешкім жүгінбеген.

Мәди Тоқанов, Маңғыстау облыстық психикалық денсаулық орталығының директоры:

Ойын құмарлыққа салынғаннан кейін, күйзеліске ұшырағаннан кейін не маскүнемдікке не нашақорлыққа шалдығып кетеді.Ол психикалық ауруға жатады, сол себепті көбі қорқып келмейді. Мен тумаларына айтарым, уақытында мамандарға жүгініп, уақытында көмек жасаңыздар.

Сарапшылардың пікірінше, лудомандардың көбеюіне, құмар ойындардың ашықтан-ашық жарнамалануы себеп. Оның үстіне шағын дүкендерде ойын терминалдары тұр. Ресми мәліметке сүйенсек, биыл елде жасырын жұмыс істеген 12 казино анықталып, ойын терминалдарына қатысты 28 қылмыстық іс қозғалған.


Хабарламаларға жазылу