Алматы облысында сыныптастарынан таяқ жеген оқушы өз-өзіне қол салмақ болған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында сыныптастарынан таяқ жеген оқушы өз-өзіне қол салмақ болған

12.09.2023
Алматы облысында сыныптастарынан таяқ жеген оқушы өз-өзіне қол салмақ болған

Алматы облысы Бесағаш ауылындағы №29 -шы мектепте жаға ұстатарлық жағдай орын алды. 5 сынып оқушысына сыныптастары әлімжеттік көрсеткен. Ал қысым көрген бала бір уыс дәрі ішіп, өмірімен қоштаспақшы болған. Мұны баланың әжесі алдымен әлеуметтік желіде айтса, кейіннен анасы да растады. Бірақ, мектеп директоры ата-ананың сөзін жоққа шығарып, олардың жала жауып отырғанын айтты. Мәселенің мән-жайын Әйгерім Ердәулет анықтап көрді.

Сыныптастарынан таяқ жеген оқушы өткен бейсенбіден кейін бұл мектепке келмеді. Анасының айтуынша, баланы екі сыныптасы дәретханаға кіргізіп әбден сабап, қылқындырған. Сондай-ақ, дәретхана суына кәмпит салып, оны баланың аузына зорлап тыққан. Тіпті шашын қиып тастаған. Анасы мұндай қорлыққа шыдамаған ұлының 10 дана дәріні бір-ақ ішіп, өмірімен қоштасқысы келгенін айтты.

Әсел Биғалиева, ата-ана:

мен үйге келсем балам сандырақтап жатыр. Ол еденнің қайда, қабырғаның қайда екенін түсінбей дел сал күйде болды. Жедел жәрдем келіп, екі сағат асқазанын тазалады. Содан кейін аруханаға жеткізді. Мен Талғар аудандық полициясына арыз түсірдім. Мектеп директоры сол арызды қайта ал деп 200 мың теңге ұсынды. Қазір мұғалімдер де келіп маған қысым көрсетіп жатыр.

Өзіне қол салмақ болған бала тіпті қоштасу хатын да жазған. Мәселенің мән-жайын анықтауға барған тілшілер тобы арнайы келген комиссияның да пікірін білді. Олар жәбір көрсетті деген күдікке ілінген балалар мен олардың ата-аналарымен сөйлесіпті. Ал зардап шеккен баламен әлі тілдесіп үлгермедік дейді.

Гүлсара Тастандықызы, облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары:

Аудандық білім бөлімі таңертеңгісін барыпты, есігін ашпапты. Қазір қайтадан соған барайық деп отырмыз. Біз бірден келдік те, жағдайды нақты білейік деп, мектепің психологы, директоры, камераны көрдік. Сол күнгі камераны көрдік, бала тап-таза тап-тұйнақтай, аппақ жейдесімен кетіп бара жатыр. Жалғыз емес, балалардың ортасында кетіп бара жатты.

Айгүл Қанатқызы, облыстық бала құқығын қорғау жөніндегі уәкіл:

Иә, біз текетірске қатысы бар деген екі бала және олардың ата-анасымен сөйлестік. Балаға құқығына қатысты мәселе болғандықтан бұл жайтты объективті түрде қарауымыз керек. Қазір тергеу жүріп жатыр.

Жәбірленген баланың анасы соңғы екі жылдан бері ұлының ара-тұра көгеріп келетінін айтса, мектеп директоры жоққа шығарып әлек.

Назым Сәрсебаева, № 29 орта мектептің директоры:

Барлық жерде 52 камера орнатылған. Барлық коридорларды, пролеттарды, есіктің алдын түгел бақылап отырамыз. Енді 1 мың 800 бала жүрген жерде итеріп жібереміз болып қалуы мүмкін. Бірақ бұл дөрекілікпен әдейі қасақана істелінбеген.

Бірақ, 52 камераның бірде-біреуі тура дәретхананың алдына қойылмаған. Ата-ана сыныптың ішінде де бейнебақылаудың жоқ екенін айтады. Ал соны білген сотқар балалар әлімжеттікті қай жерде көрсету керектігін жақсы біледі дейді жәбірленуші тарап.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, он жасар оқушымен болған жайттан кейін оқиғаға байланысты арнайы жұмыс тобы құрылды. Аталған оқиға балалардың құқығын қорғау комиетінің бақылауында екені хабарланды. Сондай-ақ, облыстық білім басқармасынан бөлек, министрліктің өкілдері жедел бала оқитын мектепке жетіп, тиісті шараларды атқаруда.


Әйгерім Ердәулет

Хабарламаларға жазылу