Қуаңшылық: Жамбылдық шаруалар су тапшылығынан шығынға ұшырады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қуаңшылық: Жамбылдық шаруалар су тапшылығынан шығынға ұшырады

10.09.2023

Өткен апта уәде еткеніміздей, су мәселесін кеңінен талдайық. Алдымен қуаңшылықтан зардап шеккен Жамбыл облысындағы жағдайға тоқталсақ.

Ағын су мөлшері соңғы 50 жылда болмаған көрсеткішке дейін төмендеп, диқандар қиналып қалды. Суару маусымы қыза түсетін шілде айында секундына небәрі 6 текше метр ғана су келген. Бұл сипаттап айтсақ, сирақтан да келмейтін су. Осы жағдайдан кейін Аймақтың 80 пайызы Қырғызстан суына тәуелді екені анық байқалды.

Ал көрші ел «суды ағайыннан аямадық, ауа райы кінәлі» деді. Екіншіден, салғырттық салдары деп те айтуға болады. Өйткені өзгеге тәуелділікті біле тұра, өңірдің суды сақтап, үнемдеп пайдалана алмағанын көрсетеді. Жалпы, Жамбылда тәуелсіздік алғалы бірде бір су қоймасы салынбапты. Ескілерінің тұрғанына 40 жылдан асқан. Үш жаңа су қоймасын көтеруге енді кіріскен. Оның өзі сырт елдің суына деген мұқтаждықты жоя алмайды. Ал «2040 жылдарға қарай елдегі су тапшылығы 12-15 млрд текше метрге жетуі мүмкін». Президенттің өткен аптада айтқан жағымсыз болжамын тағы қайталауға тура келіп тұр.

Үкімет шұғыл шешімін тауып, тың технологияларды тездетіп енгізбесе, шырылдап отырған шаруалар жылдан жылға шығынға ұшырай береді. Ал оның салдары ауыл шаруашылығына да тиетіні айтпаса да түсінікті.

Жамбылдық диқандармен кездесіп, алқап басындағы жағдайды көрген әріптесім Данияр Әлімқұл жалғастырсын.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Биыл Жамбылдағы жағдай жерге соқа салғандарға соққы болды. Аграрлы аймаққа ағын су жетпей, алқаптар қурады. Шаруалар шығынға ұшырады. Өйткені, Қырғыздан келетін су қырдан аспай тоқтады.

Аймақ дихандары әсіресе қызылшаны мол егеді. Биыл тәтті түбірді 10 мың гектардан асырғаны сол еді... жайқалғанның жартысы қурап қалды. Осылайша облыс бойынша 300 мың тонна өнім алу жоспары екі есе азайды.

Дәуіт Ауылбаев, Байзақ ауданының тұрғыны:

Күйіп жатыр. Қурап жатыр көріп тұрсыңдар ғой. Су керек сол, бізге су керек.

Демірбек Зууфов, дихан:

Негізі осы қылша жарты келі болу керек еді. Қазір көріп отырсыз 100 грамм 150 грамм болмайды. Майда кішкентай. Келесі жылы су болмаса, суға гарантия болмаса мүмкін мүлде екпейміз.

Тәтті түбірден табысқа шығамын деген елдің тең жартысы тақырға отырды. Пияз еккендер де пайдасыз қаламыз дейді. Өңір бойынша 25 мың гектар пияз алқабының әзірге 7 мың гектары жиналған. Болжам бойынша өнім көлемі былтырға қарағанда 30 пайызға аз болмақ. Ал бұл сауда сөресіндегі баға бұйдасын үзетіні сөзсіз.

Әли Жапаров, дихан:

Биыл пияздың 20 тоннаға жетуі екі талай. Жақсы өнім алу үшін 45 рет суару қажет болса, біз 37 рет су салып үлгердік. Әсіресе соңына қарай қанып ішуі қажет. Сондықтан аз болса да жинап жатырмыз.

Жүгері еккендердің де жағдайы мәз емес. Дихандар дала жұмыстарының дайындығы үшін қарызға белшеден баттық дейді. Кетпен ұстаған ағайын кепілдікке үйін тігіп те кіріскен. Еңбегінің еш кеткені Жандәулеттің де жанына батады. Өйткені ауылдағы баспанасынан айырылып қалғалы тұр.

Жандаулет Төлепбаев, Жамбыл ауданының тұрғыны:

25 га жерге жүгері ектім. Гектарына 10 тоннадан беруім керек, кемі 8 тоннадан. Ал қазір мына жүгерінің жағдайыменен 3 тонна аламыз ба, алмаймыз оны бір құдай біледі. Осы қараша айында қарызымнан құтылмасам менің үйім 12 млн-ға бағаланып, корпорацияның меншігіне өтеді.

Жамбылдың жалпы егістік көлемі 763 мың гектар болса, оның 181 мыңы суармалы. Ал қурап қалған алқаптар көлемі 12 мың гектарға жуық. Осы қаңсыған егістіктегі жалпы шаруалар шығыны 7 млрд теңгеге жетуі мүмкін. Арнайы комиссия әлі есептеп бітпеді. Әзірге 400-ге тарта қожалықтың зардап шеккені анықталды. Мамандар суару маусымы аяқталмағандықтан, алқап көлемі артуы мүмкін дейді.

Нұрби Жігітеков, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

Негізгі мынау қант қызылшасы, жүгері, көкөністер әлі суды қажет етеді. Сондықтан ары қарай тағы да бізде осындай күйіп кету қаупі бар. Сондықтан әлі жұмыстар жүріп жатыр.

Аймақ шаруалары ала жаздай су сұрап, соңынан ел Үкіметінен көмек күтті. Құрғақшылық қысқан аймақта алғаш рет төтенше жағдай жарияланды. Облыстағы 10 ауданның алтауы Қордай, Меркі, Байзақ, Жамбыл, Талас және Тұрар Рысқұлов сусыз қалды. Ал су тапшылығынан сабақ алған атқамінерлер алдағы жылы алқаптарды арнайы картаға бөлеміз деп отыр.

Қанатбек Мәдібек, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары:

Келесі су жеткізілетін аймақтарды жасыл аймақ деп қарастыратын болсақ, су жетпейтін аймақтарды қызыл деп қарастырып, + алдын ала белгілеп береміз де, сол жерге суармалы дақылдар отырғызылмақ. Егістік жер көлемі азаймайды. Бірақ суармалы егістікке қатысты шектеулер енуі мүмкін.

Шектеулердің бірі - суды көп қажет ететін дақылдарға тиым салу. Ал Жамбылдың суына жауапты инспекция ағын судың аздығын қырғыз тауларының мұздығы ерімегенінен көреді. Енді көршіден келетін су жылдан жылға азая беретінін айтады.

Гүлмира Имашева, Шу-Талас бассейні инспекциясының басшысы:

Келесі жылдары да су көп болмайды. Біз жылда 550 млнға суға қол қоятынбыз қырғыздармен. Биыл 336 млн суға қол қойдық. Енді су аз болады. Жамбыл облысы сол 300-350 млн суға әрекет жасау керек.

Ал су саласының ғалымдары суды игеру, үнемдеп жеткізу технологиялары дамымай жатқанын айтады.

Сапарбек Жолдасов, техника ғылымдарының кандидаты:

Дамыған мемлекеттерде суды пайдалану коофиценті – 90-95 процентке дейін барады. Мысалы Израйльдің өзінде су жоқ болса да, қазіргі таңда бүкіл дүние жүзін көкөніс пен жеміс-жидектермен қамтамасыз етіп отыр. Соның бәрі суды тиімді пайдаланудың арқасы. Біздің судың жартысынан көбі бекерге шығындалып жатыр.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Биылғы тапшылық таяқ боп тиді. Дала дихандары ендігіде егіс басынан шығасыға ұшырамай, шығынсыз қайтсын! Сары күзде сабан той ғой. Қырмандағы қазақ қуанып барсын!.. Сөзімді осы тілекпен түйіндегім келді.

Данияр Әлімқұл


Хабарламаларға жазылу