Мемлекет басшысы Қонаев қаласының Бас жоспарымен танысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Қонаев қаласының Бас жоспарымен танысты

10.09.2023

Ал әскери оқу-жаттығу жиынынан кейін Мемлекет басшысы Алматы облысының орталығы Қонаев қаласына барды. Онда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр ғана облыс орталығына айналған шаһардың 2050 жылға дейінгі жаңа Бас жоспарымен танысты.

Жоба бойынша облыс орталығы солтүстік-шығыс бағытқа қарай өсіп, жаңа шағын ауданмен толығады. Жаңа-Іле деген атау берілген аудан қаланың мәдени-қоғамдық орталығына айналмақ. Онда әлеуметтік нысандар, ойын-сауық орындары, тұрғын үйлер мен академиялық қалашық бой көтереді.

Болат Мұсылманбеков, Алматы облысы Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:

Жаңа Іле деген жаңа ауданда 96-97 мың адам есептелген жаңа қала түседі. Ол жер қазір сейсмикалық жағынан, жердің қабығы жағынан өте ыңғайлы. Сейсмика аздау болса, ол жерде тұрғын үй, ғимараттар салу арзандау түседі.

Ал оған дейін ескі қаланың кейпі өзгереді. Әкімшілік ғимараттар салынып, көне үйлерге жөндеу жасалмақ. Қапшағай су қоймасы мен Іле өзенінің жағалауындағы инфрақұрылымды жаңғырту да басты міндет. Қазір жағажайдың 1 км аумағына су променадын салу жұмысы басталып кетті,- деп баяндады облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев. Айтпақшы, облыс орталығына айналған бір жарым жылда қала халқы 10 мың адамға өскен. Қазір шаһардың 65 мыңнан астам тұрғыны бар. Ал 2050 жылға қарай 200 мыңға жетеді деген болжам бар.

Мемлекет басшысы Алматы облысына сапары аясында қызанақ өсіретін жылыжайды да аралап көрді. 7 гектар жерді алып жатқан кешенде жылына 4 мың тоннаға дейін өнім шығарылады. Оның 90-95 пайызы Ресейге экспортталады.

Сосын Президент ауыл шаруашылығы өнімдері мен құрылыс материалдарын өндірушілердің көрмесіне барып, кәсіпкерлермен әңгімелесті. Қарасай ауданында салынып жатқан олимпиадалық даярлық орталығы мен Сүлеймен Демирел атындағы университетті аралады.


Хабарламаларға жазылу