Осы аптада Қазақстанға ресми сапармен Албания Президенті Байрам Бегай келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Осы аптада Қазақстанға ресми сапармен Албания Президенті Байрам Бегай келді

10.09.2023

«Балқан, Балқан , Балқан тау, ол да біздің барған тау..» Осылай басталатын өлең жолдары аға буынға жақсы таныс. Ертеден келе жатқан жыр жолдары. Шамасы далалықтардың ұлы жорықтарының жаңғырығы шығар, кім білсін? Бірақ мәселе тауда емес.

Айтпағымыз Балқан түбегіндегі мемлекеттердің бірімен байланыстың жаңа деңгейге шыққаны жайлы болмақ. Осы аптада Қазақстанға ресми сапармен Албания Президенті Байрам Бегай келді. Бұл тарихи сапар. Себебі бұған дейін Балқан түбегіндегі Албания елінен президент лауазымындағы ешбір тұлға Қазақстанға келмеген. Біздің де мемлекет басшысы Албанияға бармапты. Енді екі елдің дипломатиялық байланысы жаңа деңгейге көтерілді деуге болатын шығар.

Оны Қасым-Жомарт Тоқаевтың шағын құрамда өткен келіссөзде «Сіздің сапарыңыз өзара ынтымақтастықты дамыту тұрғысынан өте маңызды. Қазақстан Албаниямен тығыз қарым-қатынас жасауға ниетті» деген сөзінен аңғаруға болады. Оның үстіне Байрам Бегай екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толуы қарсаңында келді. Мұның да символдық мәні бар, деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Әрі кеңейтілген құрамдағы келіссөзде Астана мен Тирана арасында тікелей әуе рейсін ашу мәселесін көтерді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

Туризм, көлік, энергетика және басқа да салалардағы байланысты сөз еткенде, астаналарымыз арасында тікелей әуе қатынасын ашу мүмкіндігін қарастыруды ұмытпау қажет.

Ал Албания Президенті Байрам Бегай экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға екі елдің әлеуеті жеткілікті екенін айтты. Сөз арасында Қасым-Жомарт Тоқаевты өз еліне сапарлап келуге шақырды.

Байрам Бегай, Албания президенті:

Тау-кен, энергетика, ауыл шаруашылығы, туризм және инфрақұрылымды дамыту салаларындағы өзара ынтымақтастығымызды нығайтқымыз келеді.

Хабарламаларға жазылу