Елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бір жылда 6,5 пайызға қымбаттаған. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, әсіресе, күріш, сүт, ұн және макарон өнімдерінің бағасы айтарлықтай көтерілген. Сарапшылар мұны азық-түлік қорының жетіспеушілігімен байланыстырады. Салдарынан еліміз импортқа тәуелді. Оның үстіне былтыр қуаңшылықтың кесірінен көкөніс өсіретін егістік алқаптары азайып, баға қымбаттай түсті. Жалпы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізбесіне 19 түрлі өнім кіреді. Үкімет олардың шекті бағасын белгілеп, құнды негізсіз шарықтататындармен күрес жүріп жатыр.