Алматыда кәсіп бастауға ниетті жастарға 2,5 пайызбен несие беру жалғасып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда кәсіп бастауға ниетті жастарға 2,5 пайызбен несие беру жалғасып жатыр

08.09.2023

Алматыда жаңадан кәсіп бастағысы келетін не бар кәсібін кеңейтуге ниетті жастарға 2,5 пайызбен несие беру жалғасып жатыр. Жыл басынан бері небәрі 145 адамнан өтініш түсіпті. Ал Үкіметтен бөлінген қаражаттың әлі 2,5 миллиард теңгесі игерілмеген. Бағдарламаға қатысудың негізгі шарттары қандай, несие кімдерге беріледі? 

Жеңілдетілген несие алып, енді ғана кәсіп бастағандардың бірі - Сандуғаш Базарғалиқызы. Ерекше баласы бар келіншек, дәл осы бастамасы оның отбасы мен қоғамға пайдасын тигізетініне сенімді. Екі жыл саланы зерттеп, ақыры орталық ашып, білікті ұстаздарды шақырған. Бір аптаның ішінде аудан тұрғындары ағылып келе бастағанын айтады.

Сұлтан Сандуғаш, кәсіпкер:

70 бала бар. Бірақ күннен күнге келіп жатыр, ата-аналар сұрап жатыр. Орталықта 200 бала оқытуды жобалап отырмыз. 2,5 пайыздық несие деген өте қолжетімді. Банктерден алатын болсам, 5 миллион теңгені 10-12 миллион теңге қылып қайтарсың. Аграрлық несиені корпорацияда 5 миллион теңгеге 350 мың теңге қосып қайтарасың.
5 миллион теңге несиені 21 мен 35 жас аралығындағы азаматтар ала алады. Бастысы кепілге еліміздің кез келген өңіріндегі жылжымайтын мүлікті немесе жеңіл көліктен басқа ірі техниканы қоюы шарт. Одан кейін қатысушыға бизнес жобасын жазып, бағдарламаның негізгі операторы - Аграрлық несие корпорациясына өткізуі шарт.

Әрі қарай комиссияның қарауына түседі. Жыл басынан бері алматылық жастардың тарапынан небәрі 145 өтініш түскен. Оның 70-і қаражат алып өз кәсібін бастап кетіпті.

Жеңілдетілген несие алудың негізгі шарттары:

- 21 мен 35 жас аралығындағы азаматтар қатысады
- кепілге жылжымайтын мүлік немесе ірі техниканы қоюы қажет
- бизнес жобасын өткізеді

Ерасыл Амангелдіұлы, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Алматы қаласы бойынша несие бөлімінің кеңесшісі:

Қабылданбай қалған кісілер көбіне несие бойынша қара тізімге ілігіп кеткен немесе төлемеген салықтары бар азаматтар болуы мүмкін. Одан басқа сот қызметкерлерінің өзінің қойған шектеулері болуы мүмкін. Қазір Алматы қаласы бойынша 2,5 миллиард теңге қаражат бар. Сол ақшаға өтініш бере алады. Бір азаматқа 5 миллион теңгеден беріледі.  Бірақ бір кепілге екі кәсіпкерді қарастыруға болады.
Әзірге алматылықтар сауда-саттық секторы мен оқу орталықтарын ашуға, сондай-ақ, жүк тасымалымен айналысуға деп несие алып жатыр екен. Тек алкогольді өнімдерді саудалауға деп қаражат берілмейді дейді мамандар.

Айта кетейік, бұл бағдарламаға әскери және мемлекеттік қызметкерлерден басқа барлық азамат қатыса алады.


Хабарламаларға жазылу