Мемлекет басшысы өз Жолдауында ауыл-аймақты дамыту үшін «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екенін айта келе, жеке қосалқы шаруашылықтарды біріктіруді тапсырды. Оған қажетті жағдай жасау керектігін атап өтті. Себебі күні бүгінге дейін бұл жоба ауыл тұрғындарының өз кәсібін бастауға үлкен мүмкіндік туғызып отыр. Мәселен, Түркістан облысында аталған жоба аясында биыл өңірге 20 млрд теңгегеге жуық қаржы бөлініп, ауыл тұрғындары тірлігін түзете бастады.
Төлеби ауданы, Көксәйек ауылының тұрғыны Жеңіс Әшімов екі қолға бір күрек таппай біраз жүргенін айтады. Жаңа жобаның басталғанын естіп, құжаттарын тапсырған. Нәтижесінде 5 млн 250 мың теңге несие алып, оған 14 бас жылқы бордақылап отыр.
Жеңіс Әшімов, Көксәйек ауылдық округінің тұрғыны:
2,5 пайыздық бұл бағдарламаның 1 жылдық демалысы бар екен. 1 жылдан кейін әр 6 айда бір төлейді екенбіз. Негізі ыңғайлы. Осындай тірлік жасаймын дегендерге қолайлы. Алуға болады.
Ал Сауран ауданының тұрғыны Кәрімжан Сатыбалдиев «Ауыл аманаты» жобасымен 5 млн теңгелік несиеге қол жеткізген. Сөйтіп үй іргесінен жылқы бордақылау алаңын ашты. Қазір алған жылқылары ет жинап, әрқайсысы 180-200 келіге дейін таза ет беруге қауқарлы.
Кәрімжан Сатыбалдиев, Ораңғай ауылының тұрғыны:
3-4 ай жақсылап қарап, бала-шағамен бақсақ, жаңа жылға дейін жетіледі. Соны сойып, ел жұртқа тарқатып, табысын көрсек деген ойдамыз.
Пилоттық жобаны жүзеге асыруға 16 ауданнан 64 ауылдық округ анықталып, 75 кооператив құрылды. Оларды қаржыландыруға республикалық бюджеттен 19,8 млрд теңге қаржы бөлініп, тұрғындардан алты бағыт бойынша 3 220 жобаға өтініш түскен. Олардың басым көпшілігі өсімдік, мал, құс және балық шаруашылықтарын қаржыландыру мен кооперативтерді жабдықтауға бағытталған.
Ермек Кенжеханұлы, Түркістан облысы әкімінің орынбасары:
Әр аудан бойынша төрт ауылдық округті бекіткенбіз. 64 ауылдық округтан біз қазіргі таңда 1820 жобаны толық мақұлдап отырмыз. Бекітілген қаржының бірінші траншын немесе 11 млрд теңгені жылдың соңына дейін толық игереміз ба деген мүмкіндігіміз бар.
Жоба аясында жеке кәсіпкерлер 8,5 млн теңгеге дейін, ал ауылшаруашылық өндірістік кооперативтері 27 млн теңгеге дейін несие ала алады. Ал, мал шаруашылығы жобаларына несие 7 жылға дейін беріледі. Мамандар жоба толық жүзеге асқанда өңірде 3 400-ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылып, тұрғындардың күнкөріс деңгейі 1,5 есеге ұлғаяды деп отыр.
Айнұр Әбілқасымқызы