Түркияда Тәттімбет ескерткіші ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда Тәттімбет ескерткіші ашылды

06.09.2023

Түркияда шертпе күйдің шебері, атақты композитор Тәттімбет Қазанғапұлының ескерткіші ашылды. Қола мүсін түрік астанасындағы Тәттімбет атындағы саябаққа қойылды. Бұл саябақ 2016 жылы күйшінің 200 жылдығында ашылған еді. Дәулескер күйшінің домбыра ұстап тұрған бейнесін сомдаған белгілі мүсінші - Мұрат Мансұров. 2,5 тонна қоладан құйылған ескерткішті Қарағанды облысының әкімдігі Түркия Республикасының 100 жылдығына орай Анкараға тарту еткен. Салтанатты шараға Тәттімбет халық аспаптар оркестрі арнайы келіп, бауырлас халықты қазақтың ән-күйіне бөледі. Анкара қаласында бұған дейінгі жылдары Ахмет Байтұрсынұлы мен Дина Нұрпейісова атындағы саябақтар да ашылған болатын.

Ербол Әліқұлов, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары:

Бабаларымызды ұлықтау, тарихымызды сақтау тек достықтың белгісі деп білемін. Тек осындай іс-шараларымыз көп болсын. Біздің Тәттімбет Қазанғапұлы бабамыз Анкарада, түрік елінің төрінде орын алғаны бізге үлкен қуаныш, бақыт сыйлайды.

Энвер Демирел, Анкара қаласы Етимесгут ауданының әкімі:

Біз түркі дүниесін жақсы көреміз, бауырлас елдердің бір біріне жақын болуын қалаймыз. Қазақстанның бірнеше қаласында болдым. Қарағандыға да барғанмын. Өте әдемі қала. Осындай шаралар халық пен халықты жақындастырып, бір-бірін жақсы тануда үлкен рөл атқарады.


Айдос Әшімұлы

Хабарламаларға жазылу