Жамбылдағы жарылыс: Қос күдіктіге әскери прокурор 13 жыл жаза кесуді сұрады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбылдағы жарылыс: Қос күдіктіге әскери прокурор 13 жыл жаза кесуді сұрады

06.09.2023

Жамбылдағы жарылысқа қатысы бар қос күдіктіге әскери прокурор 13 жыл жаза кесуді сұрады. Таразда өтіп жатқан көшпелі сот процесінде «Сарбаздар әскери қойманы әдейі өртеді» деген айып тағылды.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Байзақ ауданында болған жарылыстың жаңғырығы әлі басылмай жатыр. Бес айға жалғасқан сот процесінің кезекті отырысы Тараздағы әскери сотта өтті. Онда мемлекеттік айыпталушылар «күдіктілер шүберек матаны жағып, қару қоймасына қасақана лақтырды» дегенді алға тартады. Ал сарбаздадың мұндай қадамға баруына штаб бастығымен араздасып қалғаны себеп көрінеді.

Асылбек Темірбеков, Оңтүстік аумағы әскери прокурорының орынбасары:

ҚР ҚК 202-ші бабы 3-ші бөлігінің 1,2-тармақтары бойынша 10 жылға бас бостандығынан айыруды, ҚК 459-шы бабының 2-бөлігі бойынша 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды, ҚР ҚК 58-бабының 3- бөлігін негізге ала отырып, жазаларды ішінара қосу арқылы түпкілікті 13 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны тағайындауды сұраймыз.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Бұл іске тағы 4 офицердің қатысы барын білдік. Оларға «Салғырттық және қару-жарақты сақтауда қауіпсіздік ережелерін ескермеу» бабымен айып тағылған. Прокурорлар судьядан әскери бөлім командирі мен оның орынбасарын 6 жылға соттауды сұрады. Ал қалған қос қызметкерді қылмыстық жауапкершілікке тартудың мерзімі өтуіне байланысты босатуды ұсынды. Ал айыпталған азаматтардың ата-аналары бұл жала жабу деп келіспейді. Олар оқиға орнында болмаған деп отыр.

Алмагүл Асанова, сарбаздың анасы:

Бірақ менің балам о бастан ондай болмаған деп мойындап отыр.Ол уақытта Тұранов екеуі шөпті тазалаған. Екі балаға қосылып кеткен. 14-ші қойманы даже білмеген олар. Білмейді де. Бұлар біздің балаларымызды кінәсіздан кінәсіз кінәлап отыр ғой. Біз соған келіспейміз. Шындық керек бізге. Сотымыз әділ болса екен деп талап етеміз біз.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Айта кетейік, Жамбылдағы жойқын жарылыс 2 жыл бұрын 26-шы тамызда Қайнар аулының түбінде болды. Ауыр апаттан 18 адам қаза тауып, 100-ге жуық адам жараланды. Шығын көлемі 25 млрд теңгеден асып жығылады.


Данияр Әлімқұл

Хабарламаларға жазылу