Ақмола облысындағы көрікті жерлерге жылына 1 миллионнан астам турист келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысындағы көрікті жерлерге жылына 1 миллионнан астам турист келеді

05.09.2023

Ақмола облысындағы табиғаты көркем жерлерге жылына 1 миллионнан астам турист келеді. Әсіресе Бурабай мен Зерендіге сұраныс жоғары. Қазір курорттық аймақтарда 400-ге жуық демалыс орны бар. Соңғы жылдары инфроқұрылым да айтарлықтай дамыған. Алайда туристік аймақтар талай сыр-құпияны әлі де ішіне бүгіп жатыр.

Ұмсындық Наурызбаева, тілші:

Зеренді өзінің тұмса табиғатымен бұрыннан танымал. Мұнда келетін туристердің саны жыл сайын артып келеді. Дегенмен, шырайлы мекеннің әр бұрышында өзіндік тарих жатқанын саяхатшылар түгілі, жергілікті тұрғындар да біле бермейді.

«Айдаһар үңгіріне» дертіне дауа іздеген жандар көп келеді. Аңыз бойынша осыдан бірнеше ғасыр бұрын бұл жерде емші өмір сүрген. Алайда үңгір ну орманның ішінде орналасқандықтан жұрт оны жылдар бойы іздеп қиналған. Ал жол тапқандар бір сәтте-ақ кез-келген дертінен айығып кеткен көрінеді.

Бұл қола дәуіріне тиесілі ескерткіштер. Олардың бір ерекшелігі қорғандардың қасына қойылған тастар балбалға ұқсайды. Осыдан 14 жыл бұрын «орманды бұлақ» деп аталып кеткен қорымнан 50-ге жуық археологиялық жәдігер табылған. Сондай-ақ, мұндағы балбалдардың жан-жағы тастармен қоршалып қойған. Тарихшылар бұл сол әулетте қанша адам болғандығын білдіреді дейді.
Жамбыл Балтаев, турист:

Зерендіге бірінші рет келіп отырмын. Керемет. Барлығы ұнады. Жалпы, елімізде осындай тамаша жерлер өте көп. Сондықтан отбасымызбен бірге осындай курорттық аймақтарға жиі келеміз деп жоспарлап отырмыз.
Риза Шәменова, турист:

Шынымды айтсам, Зерендінің осындай көз тоймас көркем жерлері бар екенін білген емеспін. Әрине, курорттық аймақ. Туристер келеді. Бірақ біз көлдің жағасынан асып таспаймыз. Бүгін міне, экскурсияға қатысып, Зерендінің тамсанып, таңғалып қарайтын табиғатымен танысып, бір жақсы әсер алдым.
Ұмсындық Наурызбаева, тілші:

Жалпы Зеренді ауданында 40-қа жуық демалыс орны бар. Оның 11-і қысы-жазы жұмыс істейді. Сондай-ақ, келер жылы аймақта өлкетану музейін ашу жоспарланып отыр.


Ұмсындық Наурызбаева

Хабарламаларға жазылу