Құрық порты арқылы тасымалданатын жүктің көлемі биыл 2 млн тоннаға жетпек. Себебі онда қуаты 1 млн тонналық астық терминалы іске қосылады. Бүгінде құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Сондай-ақ, жаңа айлақ ашылады. Мемлекет басшысы жолдауда Құрық портын Ақтау порты сияқты толыққанды логистикалық кластерге айналдыруды тапсырды. Ол үшін теңіз инфрақұрылымын дамытуға арналған біртұтас жоспар құру қажет.
Транскаспий халықаралық көлік бағдарында Құрық портының маңызы зор. Былтыр мұнда жүк тасымалы 2 есе артты. Биыл нәтиже одан да жоғары болмақ. Себебі қазірдің өзінде өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жүкті ауыстырып тиеу 18%-ға өскен. Ал астық терминалы іске қосылғанда жылына порт арқылы 2 млн тонна жүк тасымалданбақ.
Серік Ахметов, Құрық портының директоры:
Портта қуаты 2,5 млн тоннаны құрайтын 2 бірдей астық терминалы салынып жатыр. Соның біреуі осы күз айларында іске қосылады. Сол кезде астықты Қазақстан-Иран, Кавказ елдері бағыты бойынша және одан әрі экспортауға мүмкіндік болады. Порт арнайы экономикалық аймақтың құрамына енгізілді. Бұл инвестициялық жобалар көбейіп, айлақты одан әрі дамытуға серпін берері сөзсіз.
Құрық портына биыл Еуро Одақтан «жасыл порт» мәртебесі берілді. Бұл көрші елдердің айлақтарымен және Еуропалық порттармен бірыңғай цифрлық платформа құруға ықпал етпек. Ал, Ақтау теңіз порты жылына 12 млн тонна түрлі жүк өңдеп, 7,5 млн тоннаға дейін мұнай жөнелтуге қауқарлы.
Қайрат Қалиолла, Ақтау теңіз порты көліктік логистика бөлімінің бас менеджері:
Мұнай өнімдерін арпа, бидай, құрғақ жүктер сонымен қатар, контейнерлерді кемелерге жүктеп жібереміз. Бұл жерде тек қана экспорттық, импорттық жүктер емес, транзиттік жүктер де жіберіледі.
Президент Жолдауда Ақтау теңіз портында контейнерлік хаб құру жобасын жеделдетуді тапсырды. Бұл мақсатта жер учаскесі бөлінген. Мамандардың айтуынша, контейнерлік хаб қолданысқа берілген кезде жыл сайын 20 футтық 300 мың контейнер ауыстырып тиеуге мүмкіндік болады.
Аягөз Оралбайқызы