Үндістан астанасы Нью-Делиде «Үлкен жиырмалық» елдерінің саммиті қарсаңында лангур маймылдарының кескіні пайда болды. Олардың маңына осы приматтардың дауысын айнытпай салатын арнайы адамдар қойылған.
Бұл шараның мақсаты – лангурлардың макетімен макаки тәрізді ұсақ маймылдарды қорқыту. Себебі макакилар Нью-Делидің көптеген аудандарында жолдарға жүгіріп шығып, өз бастарын да, жүргізушілерді де қауіпке душар етеді. Сонымен қатар, бұл жануарлар кейде бейқам кетіп бара жатқан адамдарға кенеттен шабуыл жасайды.
Айта кетсек, Нью-Делиде «Үлкен жиырмалық» мемлекеттері басшыларының кездесуі қыркүйектің 9-10-ы күндері өтеді. Саммиттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 130 мыңдай полицей мен жауынгер де тартылып отыр.
Арыстан Рысбек