Алматы облысына жұмыс сапарымен барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауқымды әскери оқу-жаттығу жиынына қатысты. «Батыл тойтарыс – 2023» деп аталған әскери шараға 2 мыңнан астам жауынгер мен 600 техника жұмылдырылған.
Оқу-жаттығу сценариі бойынша, әскерилерге Іле өзенінің арғы бетінен шабуыл жасалады. Сарбаздар қарулы қарсыласқа тойтарыс беріп, жауды жоюы тиіс. Ол үшін әуе-шабуылы әскері, құрлық әскері мен арнайы операциялар күштері жұмылдырылды. Әскери оқу-жаттығуды Мемлекет басшысы, Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бақылап отырды. Жаудың бетін қайтару үшін жауынгерлер жерден де, әуеден де соққы берді. Президент оқу-жаттығу жиынына жоғары баға беріп, оның күрделі геосаяси кезеңде өткізіліп отырғанына назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бүгінде әлемдік қорғаныс жүйесінде ауқымды өзгерістер болып жатыр. Қазіргі ұрыстардың әдіс-тәсілдері де басқа, әсіресе, гибридтік соғыс түрлері кең таралуда. Шабуылдар әскери ғана емес, ақпараттық, психологиялық, саяси, экономикалық және басқа да сипат алуы мүмкін. Сондықтан Қазақстан армиясы кез келген сын-қатерге дайын болуы қажет. Бұл – заманауи әрі кәсіби әскерге қойылатын басты талап.
Досжан Маратұлы