Жамбыл облысының тұрғындары электр жарығын көрші елден алып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысының тұрғындары электр жарығын көрші елден алып отыр

04.09.2023

Жамбыл облысындағы Тасшолақ ауылының тұрғындары электр жарығы үшін Қырғызстанға екі есе қымбат тарифпен төлем жасап отыр. Олар қуат көзі үшін «Қырғыз темір жолына» тәуелді. Шойын жолдан шыққан жарықтың қуаты аз, құны қымбат. Сондықтан оқушылар жаңа оқу жылында әдеттегідей шам жарығымен сабақ оқуды бастады. Көршінің қабағына қараған бұқара 40 жылдан бері осылай тоқ тартып отырғанын айтады.

Осылай бірінші сыныпқа барғандар да сығырайған шамның сәулесімен сауат ашуға мәжбүр. 90-ға тарта түтін тұратын Тасшолақ ауылындағы 15 үй кеңестік кезден бері жарық мәселесін жолға қоя алмай келеді. 40 жыл бойы «Қырғыз темір жолының» тоғына тәуелді. Ал құны елдегі тарифтен екі есе қымбат.

Жандос Зәуірбеков, Тасшолоқ ауылының тұрғыны:

Біріншіден, қараңыз, жарықтың ақшасы қымбат. Біз 30 тг-ден төлейміз. Одан кейін курс бар. Біз сомға ауыстырып, Қырғызстанның ақшасымен төлейміз. Одан тағы ұтыламыз.

Көршінің көңіліне қараған әр үй үш ай сайын шекара асып, тоқ тарифіне 75-100 мың теңге төлем жасап келеді. Ал қас қарайған шақта барлық үй жаппай қуат көзін қосатындықтан, жарық жетпей қалады. Салдарынан тұрмыстық техникаларының күйіп кетуі жиіліген.

Салтанат Жаманбаева, Тасшолақ ауылының тұрғыны:

Менің өзімнің үйімдешаңсорғышым жанып кетті. Ана жерде Ырысбек тәтемнің үйі бар. Ол кісінің тоңазытқышы күйіп кетті. Бір бірімізбен көршілес группада ұрысып шығамыз. Сен не қостың? Сен не қостың? Сен өшір. Мен өшір деп жатамыз.

Әуреге салған тоқтың әңгімесі сонау Тәуелсіздік тұсынан басталады дедік. Екі ел шекара бөліскенде темір жол станциясы қырғызға қарайды. Содан елді мекен халқы екі жаққа елеңдеп қалады. Ал аудандық атқамінерлер мәселені шешуге жетпей келген 7 млн теңгені таптық деп отыр.

Исатай Омаров, Қарақыстақ ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы:

6 млн 400 мың теңге бөлініп, осы теміржолшы көшесіне өзіміздің трансформаторлар мен электр желілерін таратуға конкурс ойнатуға әзірлеп жатырмыз. Осы Қазақстанның электр желісін өзімізден алатын болады құдай бұйыртса осы жылдың аяғына дейін.

Күні көршіге қараған тұрғындар ертерек өз ресурсымыздан қуат алғысы келеді. Өйткені Президент өз жолдауында энергетикалық қауіпсіздікті реттеп, электр қуатын көрші елдерден алмау керек деді. Өйткені мұның ар жағында мемлекеттік қауіпсіздік мәселесі жатыр.

Айта кетейік, аймақта Тасшолақтан бөлек тағы бес ауыл қырғыз елінен қуат алып отыр.


Данияр Әлімқұл

Хабарламаларға жазылу