Қызылордада үш ауысымды мектеп мәселесі толық шешілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада үш ауысымды мектеп мәселесі толық шешілді

04.09.2023

Қызылорда қаласында енді үш ауысымды мектеп жоқ. Себебі, шаһардағы екі мектептің жанынан қосымша ғимарат салынып, жаңа оқу маусымында пайдалануға берілді. Нәтижесінде үш ауысымдық білім ордаларының мәселесі толық шешімін тапты. Заманауи үлгіде бой көтерген оқу корпустарының арқасында мектептердің оқушы қабылдау мүмкіндігі екі мың орынға ұлғайды.

Қала орталығындағы №3 мектеп-лицейі кезінде 1500 орынға шақталған. Бірақ, жылдан жылға бала саны ұлғайып, бүгінде мұнда білім алушылар қатары 2 мыңнан асты. Былтыр орын жетіспеушіліктен кейбір сыныптар үш ауысымда оқуға мәжбүр болды. Енді, міне, мектеп іргесінен үш қабатты қосымша ғимарат соғылып, 1100 оқушы екі ауысымда білім алады.

Айдай Есболған, оқушы:

Жаңа ғимаратта оқығаныма өте қуаныштымын. Ескі мектепте оқушылар сыймай, кейбір оқушылар көшіп кететін. Ал қазір осы мектепте барлығы сыйып, жаңа, кең, жарық мектепте оқып жүрміз.

Жергілікті билік халық саны күрт өскен мөлтек аудандарда жаңа мектеп салу үшін бос жер телімінің болмауынан осындай оңтайлы шешім қабылдады. Себебі, бұл жобаның тиімділігі қосымша ғимарат құрылысына көп қаржы кетпейді. Және, ең бастысы, үш ауысымды мектептердің мәселесі көп ұзамай шешімін тауып отыр.

Ибадулла Құттықожаев, қалалық мәслихаттың төрағасы:

Төрт мектептің жанынан осындай қосымша ғимараттар салынды. Оларда 2 мыңдай оқушы білім алады. Мысалы, 600 орындық мектепті басқа жерден оңаша салатын болсақ, оған 3-4 млрд кетеді. Ал бұл жерде 700 миллион көлемінде ақшаменен бір ғимаратты салып отыр.

Мұнан бөлек, Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» жобасы аясында аймақта 21 заманауи мектеп салынбақ. Оған 100 миллиард теңге қаржы қаралған. Соның ішінде 10 білім ордасының құрылысы биыл басталады.



Хабарламаларға жазылу