Маңғыстауда су тұщыту зауытының құрылысы басталды. Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Жаңаөзен қаласында су тапшылығын түбегейлі жою мақсатында қолға алынды. Зауыт теңіз суын тұщытып, тәулігіне 50 мың текше метр тіршілік нәрін өндірілмек.
Жаңа зауыт Кендірлі демалыс аймағындағы Тоқымақ жерінде орналасқан. Құрылыс жұмыстарына 240 адам жұмылдырылады. Ал кәсіпорын іске қосылғанда 100-ден астам тұрғын тұрақты жұмыс істейді деп жоспарланған. Стратегиялық маңызды жобатуризмді, кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығын дамыту ықпал етпек.
Мағзұм Мырзағалиев, «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы:
Жоба Президенттің тапсырмасымен іске асыралатын болады. Бұл жоба екі кезеңнен тұрады. Біріншісі, инфрақұрылымды салу. Оған біз өзіміздің Жаңаөзен қаласында орналасқан сервистік мекемелерді тартатын боламыз. Екінші бөлігі тұщыту зауытының өзі. Басқаратын Метито деген ірі компания. Бұл да бірнеше осындай жобаларды іске асырған.
Қазір жаңаөзендіктер Қиғаш өзенінен Жайық суын тасымалдау арқылы, «Астрахань-Маңғыстау» су құбырымен жеткізілген ауыз суды тұтынып отыр. Оны Атырау мен Маңғыстаудың бірқатар елді-мекені пайдаланғандықтан, суға сұраныс жоғары.
Жүзбай Күмісбаев, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:
Жаз кезінде су жетіспейді. Су келгенде жинап аламыз. Келесі су келгенше соны күтеміз. Халқымыздың аңсаған арманы еді жете алмай келе жатқан бірнеше жылдан бері. Сол енді сәті түсіп, үлкен жұмыс басталды.
Жобаның құрылысы «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының жеке қаражаты есебінен қаржыландырылады.Ал, құрылыс жұмыстарын келесі жылдың соңында аяқтау жоспарланған. Компания бұған қоса «Астрахань-Маңғыстау» магистральды су құбырын күрделі жөндеуден өткізіп жатыр. Ол жоба биыл пайдалануға берілмек.
Аягөз Оралбайқызы