Семейдегі Абай музейіне келушілер саны артты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейдегі Абай музейіне келушілер саны артты

04.09.2023

Соңғы жылдары еліміздегі мәдени, тарихи орындарды тамашалайтын туристердің саны артып келеді. Тек Семейдегі Абай Құнанбайұлының бас музейін көру үшін жыл басынан бері 80 мыңнан астам адам келген. Елімізден бөлек шет елдерден арнайы ат басын бұратындар да аз емес. Сұранысқа сай ақын музейі келушілерге құнды жәдігерлерді таныстырудың заманауи әдістеріне көшкен.

1967 жылдан бері жұмыс істеп тұрған Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі 3 жыл бұрын ақын мерейтойын орай күрделі жөндеуден өтті. Ондағы 11 экспозициялық зал заманауи кейіпке енген.

Балнұр Атажанова, Павлодар қаласының тұрғыны:

Барлығы қолжетімді, цифрландырылған. Күйін болсын, әнін болсын Абай Құнанбайұлының тыңдап, көре аласыз. Өзініңі қолының табы қалған заттар. Үлкен әсер алдым.

Эльмира Ақниязова, Қызылорда қаласының тұрғыны:

Осы музейден біраз мағлұмат алып жатырмыз. Абай, Шәкәрімнің өмірбаяны, аталарымыздың өмірбаян жәдігерлерімен танысып, ұлыларымыз пайдаланған дүниелерді көзімізбен көріп, қолымызбен ұстап, өзгеше бір күйге түсіп тұрған жайымыз бар.

Музейде ақынның 1909 жылдан бастап жарыққа шыққан басылымдарынан бастап, тұтынған заттары, ғұламаның өмірі мен шығармашылығын тікелей қатысы сирек жәдігерлер жинақталған.

Ержан Жақып, тілші:

Абай музейінің қорында 22 мыңнан астам құнды жәдігер сақталған. Сондай-ақ мыңдаған ақыннан қалған мол мұра сандық форматқа ауыстырылып, арнайы мультимедиялық залға орналастырылған. Бұл жерде экрандардан Абайдың өлеңдері, поэмалары, қолжазбаларын көруге болады. Сондай-ақ әндерін тыңдай аласыз.

Музей жаңарғаннан бері ақынның өмірі мен шығармашылығын қатысты құндылықтарды көзбен көріп тамашашалағысы келетін туристердің саны еселеп артқан.

Мейрамгүл Қайрамбаева, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі директорының міндетін атқарушы:

Біздің сырттан келген қонақтарымыз, туристер өте көп. Жақында ғана осы елу шақты Қытай азаматы біздің музеймізде болып, өздерінің музейден алған әсерлерімен бөлісіп жатты. Жылына 70-80 мыңан аса көрермендер келеді.

Мәдени ошақтағы экспозициялық залдарында ақпарат қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде беріледі. Ал экскурсовод мамандар үш тілден бөлек қытай және түрік тілдерінде де қызмет көрсетеді. Оған қоса жәдігерлермен танысудың заманауи әдіс-тәсілдері енгізілген.

Гүлназ Бейсенбинова, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің ғылыми қызметкері:

Келген көрермендер өздері де көруге болады немесе тікелей гид экскурсоводтың қызметін алуға болады. Және де өздері аудиогидті пайдалануға немесе QR кодты пайдалану арқылы бүкіл Абайға қатысты мәліметтер, құнды-құнды мәліметтердің барлығы біздің осы Абай музейінің залдарында жинақталған.

Қазір музейдің негізгі қорындағы 1162 жәдігерді ұлттық мәдени игілік ретінде тіркеуге алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің құрамына Жидебайдағы Абай, Бөрілідегі Мұхтар Әуезов үйімен қатар облыстағы 10 музей енеді. Ол тарихи орындарды таныстыратын мамандарға туристік фирмалар тарапынан да сұраныс артқандықтан, музей қызметкерлері биыл қосымша 30 гид-экскурсоводты оқытып дайындаған.


Ержан Жақып


Хабарламаларға жазылу