Елорда соттарында мемлекеттік тілде қаралатын істердің саны артып келеді. Алайда, сот өндірісін толықтай қазақ тіліне көшіруге тілді меңгерген мамандардың тапшылығы кедергі. Тергеушілер мен адвокаттардың қазақ тіліне шорқақтығы да айтарлықтай қолбайлау болып отыр. Бастапқыда талап арыздар орыс тілінде түссе де Астана қалалық соты өндіріс барысында оларды мемлекеттік тілге көшіру тәжірибесін қолданып келеді. Нәтижесінде, мемлекеттік тілде қаралған қылмыстық істер саны 26 пайызға жетті. Қалалық соттың судьялары үшін қазақ тілін үйрету іс-шаралары қолға алынған. Сондай-ақ, аудармашы сертификатын алған хатшылардың жалақысына 30 пайыз үстемақы қосылып отыр.
Айсұлу Сламбекова, Астана қалалық соты қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының судьясы:
Сотқа іс түскенде күдікті ана тілінде сөйлейді. Бірақ өз ойын орыс тілінде еркін жеткізе алмағандықтан судья оларға көмектеседі. Судья сол жерде сот процесін тоқтатып қойып айтады: «Сіз өз ана тіліңізде жауап беру Конституциялық құқығыңыз. Сіздің тікелей құқығыңыз. Егер сіз орыс тілінде өз ойыңызды жеткізе алмасаңыз, сот шешім қабылдайды, сот қазақ тілінде шешім қабылдайды», - деп. Енді бұл біздің жұмыстарымыздың тек бастамасы ғана.