Биыл Қызылорда облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасына 3 миллиард теңге қаржы қаралған. Жоба аясында ауыл тұрғындары жеңілдетілген несие алып, кәсіппен айналысуға мүмкіндік алады. Сондай-ақ, сумен қамтуға байланысты көкейкесті мәселелердің шешілетініне аймақ шаруалары ерекше қуанып отыр.
Сыр халқының тұрмыс-тіршілігі бүгінде Сырдарияға тәуелді. Судың сарқылуы соңғы жылдары шаруаға қолбайлау болып тұр. Мамандар болжамы бойынша тапшылық әлі де қатты сезіле береді. Сондықтан, «Мемлекет басшысының су мәселесіне қатысты талаптары өте орынды»,- дейді қоғам қайраткері.
Мұрат Бақтиярұлы, мемлекет және қоғам қайраткері:
Келешектегі ең бір күрделі мәселенің бір су мәселесі. Біздің Қызылорда облысы күрішке көп су пайдаланамыз. Өте көп тұтынамыз. Мұның өзі қалай болса солай. Сондықтан тариф мәселесіне қатты мән беруді, соның ішінде тарифтен артық пайдаланған суға бірнеше ақшамен өтеу туралы мәселені қозғады. Бұл да құптарлық нәрсе.
Жолдауда көтерілген өзекті мәселе кәсіпорындардағы еңбек қауіпсіздігі. Әсіресе, еліміздегі кен орындарында жұмысшылардың өндіріс жарақатын алу, өлім-жітімге әкелу жағдайлары жиілеген. Енді бұл бағытта қатаң шаралар қабылданып, ірі өндіріс орындарына 5 жыл сайын технологиялық және экологиялық аудит жүргізілетін болады.
Мақсұт Нәлібаев, облыстық Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы:
Өзіміздің отандық жұмыс берушілер ма, әлде шетелдік инвесторлар бола ма, ең басты міндеті бұл жұмысшылардың қауіпсіздігі. Олардың әлеуметтік мәселелерін мүмкіндігінше көтеру және де ең басты қолайлы жұмыс жағдайын жасау.
Жаңа жылдан бастап еліміздегі ең төменгі жалақы 70 мыңнан 85 мың теңге өседі. Бұл тұрмысы төмен отбасыларға демеу. Сондай-ақ, «Ауыл аманаты» бағдарламасы жалғасын табады. Игі жоба аясында ауылдағы ағайынның жаппай егін, мал шаруашылығымен айналысуына мүмкіндік мол.
Әділбек Серікұлы