Түркістан облысында жаңадан 5 мектеп ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында жаңадан 5 мектеп ашылды

02.09.2023

Жаңа оқу жылында мектеп табалдырығын аттаған әрбір жетінші бала Түркістан облысынан. Халық саны тығыз орналасқан аймақта жаңа 5 мектеп ашылды. Десе де бала саны көп өңірде үш аусымды және апатты мектептер мәселесі әлі де өзекті. Бұл проблема Президент айтқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында шешілмек. Алдағы үш жылда 96 мектеп салынады.

Арыс қаласында тұратын үшемдер биыл мектеп табалдырығын аттады. Бекжан, Балжан, Нұржан әліппені алғаш қолына алды.

Бекжан Абылай, оқушы:

Менің жасым 6-да. Мен мына мектепке келдім. Өскенде спортшы болғым келеді.

Демографиялық өсімі жоғары өңірде жаңа оқу жылында 51 мыңнан астам бала оқушы атанды. Аймақтағы мектептердің саны мыңнан асады. Биыл 514 мың оқушы білім алуда.

Ал Сауран ауданындағы Қосмезгіл ауылының жұрты үшін бүгін ақтүйенің қарны жарылған күн. Баланың да ата-ананың да көңілі тоқ. Себебі бұған дейін үш шақырым жерге қатынаған 300 бала енді үй іргесіндегі жаңа мектепте оқиды.

Балауса Әшім, оқушы:

Іші кең, әдемі. Оның үстіне жаңа технологялар, барлығы бар. Оқуға да ыңғайлы, қолайлы. Жақсы оқуға мүмкіндіктер көп.

Былтыр аймақта 34 мектеп салынса, биыл жыл соңына дейін тағы 37 білім ошағы ел иглігіне берілмек. Десе де әлі 30 мың балаға орын тапшы.

Бейсен Тәжібаев, облыс әкімінің орынбасары:

Дәл қазіргі кезде бізде 8 апатты мектеп және 9 үш аусымды мектептер жұмыс ісеуде. Мұны біз енді алдағы үш жылдың көлемінде толық шешуді жоспарлап отырмыз. Ол бойынша бізде өңірде осы 2023-2025 жылдары 96 мектептің құрылысы жүреді.

Балаларды қуантқан тағы бір жаңалық – биыл бастауыш сынып оқушылары ыстық тамақпен қамтылады. Ол үшін облыстық бюджеттен 6 млрд теңге бөлінген. Сондай-ақ мектептерде қауіпсіздік күшейді. 894 білім ошағына 7 мыңнан астам бейнекамера мен турникет, қоршау, дабыл батырмасы орнатылды.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу