Жолдау: Елімізде суды үнемдейтін озық технологияны тездетіп енгізу қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жолдау: Елімізде суды үнемдейтін озық технологияны тездетіп енгізу қажет

01.09.2023

Елімізде суды үнемдейтін озық технологияны тездетіп енгізу қажет. Және оның қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керек. Президент суды ысырапсыз пайдалану үшін 20 жаңа бөген салып, кемінде 15 қойманы бастан-аяқ жөндеуді тапсырды. Қуаңшылықтың кесірінен шығынға ұшыраған тараздық шаруалар Президент жүктеген міндеттердің тезірек іске асқанын қалайды.

Таң сәріден төрт отбасының басын қосқан Аселкүл әжей жақындарын Жолдау көруге жинады. 73 жастағы қария 18 жылдан бері Берікқожа қожалығын басқарады. 7 адамды жұмыспен қамтып отыр. Президент шаруалар жайын айтпай кетпейді деген кейуана Мемлекет басшысының ушыққан мәселені дөп басқанына шексіз риза.

Биыл 180 гектар егіс алқабының тең жартысына жуығы ағын судың аздығынан қурап қалған. Сондықтан су саласын реттеуге қатысты жаңа министрліктің құрылатыны бір әулетке біріккен дихандарды қуантып отыр.

Әселкүл Дайырханова, қожалық басшысы:

Оған біз әрине қуанып отырмыз. Біз сияқты шаруа қожалықтарға су ауадай қажет. Биылғы жылы негізі су тапшылығынан әбден қиналдық. Жаңа министр тағайындалса енді су тапшылығы болмайды деген сенімдеміз.

Ал жаңа министрлік құрылып, өз алдына отау болатынына «Қазсушар» да қатты қуанды. Суға жауапты мамандар техникалық база тозып, тіпті жылдар бойы жаңартылмай отырғанын айтты. Салдарынан жуырда қырғыз жеріндегі 40 шақырым каналды тазалау үшін екі дана ескі техникасын сүйретіп барған.

Ерлан Өтегенов, «Қазсушар» РМК Жамбыл облыстық филиалының директоры:

Техника жеткіліксіз, небәрі сол екі-ақ экскаватор бар. Ол енді мынау өзімізде 10 аудан бар. Ең кемінде әр ауданда бір экскаватордан болу керек.

Жалпы Жамбылда тәуелсіздік алғалы бірде бір су қоймасы салынбаған. Ескілерінің тұрғанына 40 жылдан асқан. «Қазсушар» енді нысандардан бастап, кеңес үкіметі кезіндегі келісімшарттарды жаңартатын уақыт жетті дейді. Өйткені қазақ-қырғыз тарапы 40 жыл бұрынғы құжатпен су бөліп келеді. Сондай ақ, еліміз бойынша су шаруашылығына қатысты негізгі нысандардың 60 пайызының тозығы жеткен. Бұл ретте Президент су үнемдейтін озық технологияларды енгізіп, жыл сайын қолдану аумағын 150 мың гектарға ұлғайтуды тапсырды.


Данияр Әлімқұл


Хабарламаларға жазылу