Елімізде АЭС салу салмау шешімі Жалпыұлттық референдум арқылы қабылданатын болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде АЭС салу салмау шешімі Жалпыұлттық референдум арқылы қабылданатын болды

01.09.2023

Елімізде Атом электр стансасын салу салмау шешімі Жалпыұлттық референдум арқылы қабылданатын болды. Бұл туралы бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның жаңа бағдары» атты жолдауында айтты. Онда экономикадан бастап барлық сала қамтылған. Ел дамуының басым бағыттары қандай болмақ? Не өзгереді?

Былтыр елімізде көптеген саяси реформалар болды. Ендігі кезек әлеуметтік салада. Бірақ экономиканы дамытпай, жұрттың әл-ауқатын арттыру мүмкін бе? Сондықтан «Әділетті Қазақстанның жаңа бағдары» атты жолдауында Президент экономиканы дамытуға ерекше басымдық берген.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Зор экономикалық серпіліс жасауға еліміздің толық мүмкіндігі бар. Ол үшін біз біртіндеп жаңа экономикалық үлгіге өтуіміз керек. Бұл жұмысты батыл жүргізуіміз қажет. Басты мақсат – қағаз жүзіндегі биік жетістіктерге қол жеткізу емес, шын мәнінде халықтың тұрмыс сапасын жақсарту болуға тиіс.

Президент айтқан экономиканың жаңа моделі – әртараптандыру арқылы өңдеу өнеркәсібін дамыту. Бұл 97 жылы қабылданған «Қазақстан-2030» бағдарламасынан бері айтылып келеді. Бірақ жөнді жүзеге аспады. «Енді бұл іске білек сыбана кірісуіміз керек», - деді Президент. Яғни, метал мен мұнай секілді шикізатты шетелге сата бермей, оны терең өңдеп өнім алуымыз керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Өкінішке қарай, осы маңызды саладағы жұмыс дұрыс атқарылмай жатыр, еліміз басқа мемлекеттермен салыстырғанда артта қалып келеді. Жалпы, кемінде 15 ірі жобадан тұратын нақты тізім дайындалуға тиіс. Осы салада бұрын болған қателіктерді қайталауға болмайды.

Яғни, Қазақстан өзін толық қамти алатын, импортқа тәуелсіз ел болуы керек. Ол үшін отандық өндірушілерді қорғау, қолдау артады. Мәселен, бизнес бастап, тауар шығарамын деген шетелдік және отандық инвесторлар 3 жыл салықтан босатылмақ. Әрі арзан несие берілуі тиіс. Десе де Президент еліміздің банктері бизнесті дамытуға атсалысқысы келмейді дейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Банктердің «қозғалыссыз жатқан» 2,3 триллион теңгелік активтерін экономикалық айналымға қосу үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Бұл ретте осы активтерді иеленуге ниет танытқан бизнес өкілдерінің оны алып, экономикаға қайтаруына мүмкіндік беретін ашық цифрлы платформа құруды тапсырамын.

Бизнеске аяған ақшасын банктер көп пайызбен халыққа таратуға әуес. Салдарынан 7 миллионнан астам адамның несиесі бар. 1,5 миллионы төлем күнін кешіктіріп жүр. Сондықтан жұрттың қаржылық сауатын арттыру жұмыстары жанданады. Әрі қаржы саласын ретке келтіру үшін баскелестікті арттыру керек деді президент. Қазір елімізде 21 банк болғанымен негізгі қаржы бірнеше ұйымының ғана қолында. Сондықтан жақында шетелдік тағы үш банк елімізге келмек.

Мадина Әбілқасымова, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы:

Шетелдік тағы үш банктің келуі қаржы нарығындағы бәсекелестікті арттырады. Әрі экономиканы қаржыландыру ісіне айтарлықтай үлес қосады деп ойламын.

Шағын және орта бизнес экономиканың драйвері. Олардың дамуын тежеп тұрған кедергілер жойылады. Әрі президент Үкіметке шағын бизнесті өзара бірігіп, ірі кәсіп иелері болуға ынталандыру үшін заңға өзгерістер енгізу керек деді. Ауылшаруашылығы саласының да әлеуеті мол. Бірақ қолда бар мүмкіндікті пайдалана алмай отырмыз. Басқасын айтпағанда техниканың 80 пайызы тозған. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңарту міндетін жүктеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек алдағы 3 жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет.

Сондай-ақ елімізде салық саясаты қайта қаралатын болды. Әрі соңғы кездері апаттар жиіліген соң ірі кәсіпорындар мен кен орындарында және жылу электр орталықтарында 5 жыл сайын аудит жүргізілетін болды. Электр демекші, Мемлекет басшысы Қазақстан тоқты басқа елден алмауы керек деді. Десе де біздегі жағдай мәз емес. Тапшылық байқалады. Сондықтан атом электр стансасын салу мәселесін тағы айтты. Десе де ол салына ма жоқ па? Халық өзі шешпек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі – еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын. Нақты мерзімін кейін анықтаймыз.

Бұдан бөлек, экономиканы демоноползациялау жалғасып, кәсіпкерлердің бәріне теңдей мүмкіндік беріледі. Ол үшін мемлекеттің өзі бұдан былай экономикаға араласуын тоқтатады деді. Өйткені Қазақстан нарықтық ел дегенімен, бағаны реттеу, шектеу секілді кеңестік кезеңнен қалған тәсілдер әлі сақталып келеді. Мемлекеттік сатып алу саласында да саннан гөрі сапаға мән берілетін болды. Енді осындай жаңа экономикалық саясатты Үкімет бюрократияға салмай, ешкімге жалтақтамай іске асыруы керек деді президент. Осы арқылы жыл сайын экономика 6-7 пайыздық өсім көрсетіп, екі есеге артпақ. Яғни жалпы ішкі өнім 450 миллиард долларға жетуі тиіс.

Досжан Маратұлы, тілші:

Десе де даму үшін құр саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, қоғамдық сана, азаматтардың ниеті өзгеруі керек, - деді Президент. Қысқасы, үндеуде айтылған шаруа шаш етектен. Стратегиялық құжаттағы маңызды міндеттерді қалай іске асыратынын Үкімет ертең жария етпек.


Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу