Ыстамбұлдағы домбыра үйірмесіне 30-ға жуық жас келіп жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ыстамбұлдағы домбыра үйірмесіне 30-ға жуық жас келіп жүр

31.08.2023

Күллі қазақты біріктіретін екі дүние болса, соның бірі домбыра. Соңғы жылдары шетелде тұратын қандастырымыз да ұлттық аспапты үйренуге ынта білдіре бастаған. Осыны ескеріп «Отандастар» қорының бастамасымен Ыстамбұл қаласында тегін домбыра үйірмесі ашылды. Қазір жырақта жүрген қазақ жастары аптасына бір рет басқосып ән мен күй үйреніп жүр. Түркиядағы тілші Айдос Әшімұлы сабақтайды.

Айдос Әшімұлы, тілші:

Атамекеннен алыстағанына 100 жылға жуық уақыт өтсе де, Түркиядағы қазақтар төл өнеріміз бен мәдениетімізге бей-жай қарамайды. Әсіресе қазақтың қара домбырасы осындағы әр шаңырақта бар десек, артық айтпаймыз. Ұлттық аспапты жастар да ұмытпасын деген ниетпен Ыстамбұлдың Гүнешлі ауданында домбыра үйірмесі жұмыс істеп тұр.

Меруерт домбыраға үш айдан бері келіп жүр. Талапты жас аз уақытта «Адай» күйін үйреніп алыпты. Бір рет осы ұжыммен үлкен сахнада өнер көрсетіп те үлгерген.

Меруерт Мұхамади, 10 сынып оқушысы:

Өзіме қатты ұнайды. Ұнағаны үшін осы жерге келемін. Домбыраны ұлттық аспабымыз болғаны үшін сүйсініп үйренемін. Осы жерде пикник болды қазақтар жиналды. Сол жерде бәріміз домбыра шерттік.

Мағжан Жаналтай, 11 сынып оқушысы:

Екі айдан бері достарымызбен бірге домбыра үйреніп жүрміз. Ағайларымыз жақсы үйретеді. Екі сағат бойы бізге үйретеді. Домбыраны жақсы көргеніміз үшін келеміз.

Бірнеше ай бұрын ашылған үйірмеге қазір 30-ға жуық жас келіп жүр. Ұстаздары Хусейн Ертұғрыл өзге салада жұмыс істесе де, ұлттық өнерді жас ұрпақтың бойына сіңіру үшін бар білгенін үйретуден жалықпайды.

Хусейн Ертұғрыл, домбыра үйірмесінің жетекшісі:

Қаны қазақ деп соққан жігіттер бар. Солар келіп домбыра үйреніп жүр. Шақырған жоқпыз. Өздері келіп үйренуге тырысып жатыр. Отандастар қоры мен Қазақ кент «Aлтай» қорымен бірге жалғастырып жатырмыз. Қазірге дейін Құрманғазы атамыздың 4-5 күйін үйрендік.

Дәл осындай домбыра үйірмесі қазір Анталия қаласында да ашылған. Ол жерде тек қазақтар емес өзге ұлт өкілдері де домбыра үйреніп жүр. Ыстамбұлдағы үйірмеге келетіндердің барлығы өзіміздің қазақ жастары. Бір әттегенайы барлығына бірдей домбыра жетіспейді. Дегенмен Ыстамбұлдағы Бас консулдық пен «Тіл қазына» орталығы бұл мәселені таяу арада шешіп беретін болыпты. Ал әзірге жас домбырашылар екеуара бір домбыра болса да тәп-тәуір күй шертіп жүр.

Айдос Әшім

Хабарламаларға жазылу