Астанадағы Каспи банкке шабуыл жасаған ер адамға қатысты сот отырысы басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанадағы Каспи банкке шабуыл жасаған ер адамға қатысты сот отырысы басталды

29.08.2023

Астанада банк бөлімшесін басып алып, ондағы қызметкерлерді кепілге алған ер адамға қатысты сот басталды. Жәбірленуші ретінде банктің жеті қызметкері танылған. Оның алтауы қыз бала, біреуі күзетші - ер адам. Олар бүгін судьяға оқиғаның қалай болғанын баяндады. Бет-жүзін көрсетуге қарсылық білдірген жәбірленушілер өздерін кепілдікке алған адам жарылғыш зат бар деп қорқытты дейді. Ал банктің ақшасын балалар үйіне аударуды талап еткенін айтады.

Жәбірленуші:

Бізді кепілден босату үшін кемінде 100 млн теңге беруін талап етті. Өзінде жарылғыш зат бар деп қорқытты. Бірақ өз көзіммен жарылғыш затты көрмедім. Оның кішкентай қара сөмкесі болды. Сол сөмкесінің ішінде бар деп ойладым.

Тергеу нұсқасына сәйкес, банк қызметкерлерін кепілге алған 30 жастағы Әлихан Мурадов дәрі-дәрмек қолдану арқылы өзіне қол салмақ болған. Көп кешікпей банкті басып алу жоспарын ойлап тапқан. Ол қолда бар құралдардан жарылғыш құрылғының муляжын жасап, сыйлық дүкенінен жеңіл тапанша сатып алған. Сол арқылы банк бөлімшесіне шабуыл жасап, қызметкерлерін кепілге алды. Естеріңізге сала кетейік, биыл маусымда қаруланған адам елордадағы банк ғимаратына шабуыл жасаған еді. Бұл жағдай қоғамды дүрліктіріп, оқиға орнына Ішкі істер министрі мен елорда әкімі келген болатын. Айта кетейік, сотталушы 2013 жылы есірткі қолданушы диагнозымен есепке алынған. 3 жылдан соң есептен шығарылған. Үйленбеген.

Самал Қабышева

Хабарламаларға жазылу