Тәуелсіз Қазақстан тарихында Ата заңға өзгерістер енгізу бойынша жалпыхалықтық референдум екі рет өтті. Бас құжатты алғаш рет халықтың таңдауына салу 1995 жылы 30-тамызда өткен болатын. Екіншісі 2022-жылы 5-маусымда өтті.
Қазақстан тарихында тұңғыш Конституция 1993 жылы Жоғарғы кеңесте қабылданды. Ал 1995 жылғы Ата заңды жасақтауға бір палаталы орган қатысқан жоқ. Себебі Жоғарғы кеңес тарап кеткен болатын. Жалпыхалықтық референудм 30-тамызда өтті. Еліміз президенттік республикаға айналды. Екі палаталы Парламент – Сенат пен Мәжіліс құрылды. Ширек ғасырда Ата заң 5 рет өзгертілді. 1998 жылы бас құжатта 19 бап өзгерді. 2007 жылы 30 түзету енгізілді. 2011 жылы тек 1 бап өзгертілді. 2017 жылы Ата заңдағы 19 бапқа 26 өзгерту енгізілді. Ал осыдан 4 жыл бұрын, 2019 жылы 1 ғана бап өзгеріске ұшырады.
Ермек Әбдірәсілов, ҚР Заң академиясының академигі:
Ата заңымыз іргетасы болғаннан кейін алдыңғы біздің жолды қалайды. Өзгеріске жаман, жақсы деп қарамау керек. Өзгерістер халықтың қалаған Қазақстанды дамытуға әсерін қосып отырса, әрине, өзгерістер болу керек.
Конституцияны өзгертуге қатысты екінші жалпыхалықтық референдум 2022-жылы өтті. Ауқымды реформаның басты қағидаты - Күшті президент, ықпалды парламент және есеп беретін үкімет. Ата заңның 33 бабына 56 түзету енгізілді. 2 бөлімнің атауы өзгерді. Президенттің өкілеттігі қысқарып, Парламент пен мәслихаттардың рөлі күшейді. Биыл қаңтарда Конституциялық сот құрылды. Азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау тетіктері нығайды.
Арман Қожахметов, ҚР Конституциялық сот төрағасының кеңесшісі:
Сегіз айдың ішінде Конституциялық сотқка 4 мыңдай арыз түсті. Ол нені білдіреді? Халықтың, қоғамның өздерінің құқықтарын қорғау сенімі және билікке деген сенім білдіреді.
Ата заңға сәйкес, өлім жазасына тыйым салынды. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі Конституцияда бекітілді. Жер және оның қойнауы халықтың меншігіне өтті. Мәжіліс аралас сайлау жүйесі бойынша жасақталды. Халық тең және төте сайлау өткізді.
Дарын Сағитов, тілші:
Ата заңға енгізілген өзгерістер осыған дейін Парламент қабырғасында мақұлданып келді. Ал өткен жылы бас құжатты халықпен кеңесіп қабылдау – Қазақстанның, әуелі, демократияға деген ұмтылысы еді. Осылайша елдің саяси өмірінде үлкен өзгерістер орын алды. Соның бірі - «Халық үніне құлақ астаны мемлекет» тұжырымдамасы жүзеге аса бастады.
Дарын Сағитов