70 жастағы әжей балаларға кілем тоқуды тегін үйретіп жүр. Жас буынның ата-дәстүрімізді ұмытпағаны маңызды дейді. Жүздеген шәкірт тәрбиелеген кейуана Астана іргесіндегі Талапкер ауылында тұрады. Мәдениет үйінде, қосымша тоқыма орталығында жұмыс істейтін әжейдің қолынан шыққан бұйымдар көздің жауын алады.
Түймеқыз Рысбаева тақыр кілемді 12 жасынан тоқиды. Қолөнерді жанына серік еткен ана 3 жылдан бері шәкірт тәрбиелейді. Қазір 30-ға жуық балаға бар білгенін тегін үйретіп жүр. Зейнеткер құнды өнердің ұмыт қалмауы үшін қолымнан келгеннің барлығын жасаймын дейді.
Түймеқыз Рысбаева, қолөнер шебері:
Қай бала болсын, келгенде бірінші рет инеліктерді ұстауға қорқады. Мен оларға осында қанша бала келіп жүр деймін. Бәрі де үйренді. Үйренбеген бала жоқ. Бұл келешекте бәрі алып кетпес, кілемші болып кетпес, бірақ естерінде қалады ғой. Көшеде кешке кішкентай қыздар жүреді. Сол ұнамайды. Мен оларға не істеп жүрсіңдер, сондай жерге келіңдер, мәдениет үйіне келіңдер деп айтамын.
Өнер иесінің алғыр шәкірттерінің бірі Балауса Ерғалиева. Үйірменің әр сабағын жібермейді. 3 жылдан бері кілемнің түр-түрін тоқып үйренген. 12 жасар жеткіншек болашағын осы өнермен байланыстырғысы келеді.
Балауса Ерғали, шәкірт:
Ең алғашқыда мен тақыр кілем тоқыдым. Сөйтіп кесте тоқуды үйрендім. Қазір мен түкті кілем тоқып жатырмын. Аяқтап қалдым. Мен 1-1,5 жылда үйрендім. Күнде келдім. Басында қиын болды, келе жата оңай болып кетті. Мен болашақта жасөспірімдерге осы кілемдерді көрсетіп, үйреткім келеді.
Кейіпкеріміз құрақ көрпеше, тақия мен шапан, қоржын мен алаша, жамылғы тоқиды. Бұйымдардың ою-өрнегі мен түстері шебердің үнемі ойында жүреді. Жасы кіші шәкірттері кілем тоқып үйренсе, үлкендері сабаққа ұршық иіру үшін келеді.
Армангүл Несіпбаева, шәкірт:
Қарап отырсаңыз, мына ұршықты да ешкім білмейді. Кезінде жас күнімізде өзімізді де үйреткен. Ұршыққа әжелеріміз. Қызыма келіп жүргенде қарасам, Түймеқыз әже ұршық та иіреді екен. Бос уақытымда келіп, білмегенімді үйреніп жүремін.
Сапалы кілем шығу үшін құралдар сенімді болу керек. Шебердің тоқпақтары анасынан қалған көзі. Жиде ағашынан жасалған құралдарға жарты ғасырдан аса уақыт болған. Алтынға да айырбастамас бұйым арқылы талай өнім шығарып келеді.
Түймеқыз Рысбаева, қолөнер шебері:
Менде 5-6 кілем бар. Іні, апа, сіңілерімдікі. Ертең мұны қайда апарам? Өзім ойлаймын осының бәрін музей қылып ашсам деп. Талапкердің өзінде бір музей қылып қалдырып кетсем, күшті ғой. Арманым сол. Бұл өнермен айналысатыным. Өзіме ұнайды. Апа-сіңлілерім жүн мен жіппен алысып қайтесің дейді. Бұл өнерді қайтадан ашқым келеді деп айтамын.
Түймеқыз Рысбаева 70-ке келсе де, ширақ. Есте сақтау қабілеті де жақсы. Бұл тоқыма өнерінің арқасы дейді. Сүйікті іспен айналысу логикалық ойлау қабілеті мен көздің көруін де жақсартатын көрінеді.
Аида Ахметбек