Жуырда «Қорқыт» телехикаясы көрермен назарына ұсынылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жуырда «Қорқыт» телехикаясы көрермен назарына ұсынылады

28.08.2023

Жуырда Ұлттық арна эфирінен «Қорқыт» телехикаясы көрермен назарына ұсынылады. Қазір Астанада тарихи сериалдың бейнебаяны түсіріліп жатыр. Саундтрек авторы «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі.

«Қорқыт» телехикаясы үш жылдық жоба. 2021 жылы сценарийі жазылып, келесі жылдың күзінде түсірілім басталған. Төрт бөлімнен тұратын сериал Алматы облысының Іле ауданында, Өзбекстандағы Хива шаһарында түсірілді. Телехикая бастан аяқ өзен жағасында қобыз тартып отырған қарт Қорқыттың жырымен баяндалады.

Әлқиссасында Қарабақсы мекен еткен шағын елді мекеннің маңындағы өзен жанында болашақ жары Торқалыны кездестірді. Әлі дүниеге келмеген Қорқыттан қорыққан Тоймадықтың шабуылы, Қорқыттың дүниеге келгендегі таңғажайып құбылыспен суреттеледі. Ал «Тұран» этно-фольклорлық ансамбліне саундтрек жазу туралы ұсыныс түсіпті. Шығарманың «дүниеге келуіне» жарты жылдай уақыт кеткен.

Бауыржан Бекмұханбетов, «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің мүшесі:

Біз осы жарты жылдай іштей оқып, дайындалдық. Бірақ шығару оңайға түскен жоқ негізі. Бірнеше нұсқаларын көрдік. Сөз қолдансаңыздар деген ұсыныстар болды. Бірақ біз өзіміздің нұсқамызда қалдық. Енді үлкен философия, үлкен мағына жатыр бұл композицияда. Сондықтан біз енді телехикаяның мазмұнын осы композиция арқылы аша алдық деген ойымыз бар. Халық өз бағасын бере жатар.


Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу