Түркістанда қоғамдық тамақтану орындарының саны үш есеге артқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістанда қоғамдық тамақтану орындарының саны үш есеге артқан

25.08.2023

Облыс орталығына айналған бес жылдың ішінде Түркістанда демалыс орындары мен қонақүйлер, ойын сауық орталықтары көбейді. Ал мейрамханалар мен дәмханалардың саны 50-ден 150-ге бір-ақ жетті. Бүгінде көне шаһарға келген қонақтар ұлттық нақышта безендірілген мейрамханалардан тағамдардың түр-түрінен дәм тата алады.

Түркістандағы ұлттық нақышта безендірілген мейрамханалардың бірі тек ұлттық тағамдар мен сусындарды ғана ұсынады. Сондықтан да туристер мұнда жиі аялдайды. Мейрамхана өкілінің айтуынша, алдымен меймандар қымыз бен қымыраннан дәм татып, құрт, май, ірімшік пен ыстық бауырсақтан ауыз тиеді. Қонақтар мұнда бағлан қозының балбырап піскен қуырдағына да тапсырыс бере алады. Даяшы ас мәзіріндегі бұл тағамның қалай дайындалғанын да айтып береді.

Ттуризм орталығына айналған Түркістан күн санап көркейіп, келуші қонақтардың саны да артып келеді. Мәселен, жыл басынан бері 600 мыңға жуық турист келіп, 60-қа тарта қонақүйге жайғасқан. Ал оларға есігін айқара ашқан мейрамханалар мен дәмханалар саны үш есеге артқан. Тіпті ас мәзірлерін түрлендіріп, қызмет көрсету сапасын да жақсартқан. Мұндай өзгерістерді әсіресе жергілікті халық жиі байқап жүр.

Мәлік Әлмахан,Түркістан қаласының тұрғыны:

Қазір өзіміздің талғамымызға сай тағамдардың да түрі көбейді. Соның ішінде мысалы ұлттық тағамдар, сосын европалық тағамдар. Түрлі, жаныңыз нені қалайды соны біздің Түркістанда табуға болады.

Соңғы 15 жылдан бері тамақтану орындарын табыс көзіне айналдырған кәсіпкердің айтуынша, халықтың қазір әл-ауқаты жақсарғанын бірден байқауға болады дейді. Соның арқасында шағын және орта кәсіп дамып жаңа жұмыс орындары ашылған. Кәсіпкерлердің де табысы еселенген.

Бекзод Хабибов, кәсіпкер:

Көбінесе ұлттық тағамдарға сұраныс көп. Кәуапқа сұраныс көп. Біз палау жасаймыз, соған туристер көп келеді. Одан басқа нарын бар. Лағман бар. Манты бар.

Қазір қала тұрғындары да отбасымен не болмаса ұжымдастармен келіп, дәмханалардан тамақтануды әдетке айналдырған. Ондағы даяшылардың сөзінше, мейрамханаларда орындарға алдын ала тапсырыс бермесе болмай қалатынын айтады.

Айя Рахымжанова, даяшы:

Бізде үнемі орын жоқ. Адамдар бірінен кейін бірі келіп жатады. Бізде кезек деген нәрсе болады. Операторлық телефонға үйге тапсырыс береді. Жақын арада үйге жеткізу қостық. Ашылғанымызға 1,5 жыл болғанына қарамастан, бізде жиі келетін қонақтарымыз өте көп.

Бағдат Есмахамбетова, Түркістан қаласының тұрғыны:

Тамағы да өте дәмді, атмосферасы да өте жақсы. Бағасы, сапасы және күтіп алу қонақжайлығы да ұнайды.

Түркістанға келген туристер мен демалушылар түрлі мейрамханалардан ас ішіп, қазынаның толуына өз үлесін қосып кетеді. Қалалық кірістер басқармасының мәліметінше, соңғы бес жылда шағын және орта бизнестен шаһардың салық түсімі төрт жарым есеге артып, биылғы жылы жалпы 18 млрд 700 млн теңгеге жетіп отыр. Бұл қаражатқа әсіресе ойын сауық орталықтары мен тамақтану орындарының қосқан үлесі орасан дейді мамандар.


Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу