Түркістан облысында үш мектептің лауазымды тұлғаларына әкімшілік айыппұл салынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында үш мектептің лауазымды тұлғаларына әкімшілік айыппұл салынды

23.08.2023

Түркістан облысында 8 мектеп жаңа оқу жылына дайын емес. Жауптылардың айтуынша, 5 мектепте жөндеу жұмыстары мерзімінде аяқталмаған. Ал үш білім ұясының лицензиясы жоқ, сондықтан оқушыларды қабылдай алмайды. Мектеп жоқ болса, балалар қайда білім алмақ? Әріптесім Айнұр Әбілқасымқызы анықтады.

Айнұр Әбілқасымқызы, тілші:

Қостөбе ауылындағы орта мектептің есігі жабық тұр. Білім ошағы өткен жылы апатты деп танылып, жүзден аса бала көрші ауылға тасмылданып оқытылған. Ал биыл мектепті жөндеуге жарамды деп шешім шығып, күрделі жөндеу 500 млн теңгеге жуық қаржат бөлінді.

Алайда мектепті жөндейтін мердігер әлі күнге белгісіз. Соның кесірінен ауылдағы 130-дан аса оқушы биыл да көрші Қаратөбеге қатынап оқиды. Ол мектеп те әлі күнге дейін жөнделіп жатыр.

Жөндеу жұмыстары үш күн бұрын аяқталуы тиіс еді. Алайда кейбір кабинеттер әлі сырланбаған. Қажетті жиһаздар да жеткізілмепті.

Құрылыс жұмыстары, мектептегі шаң-тозаң ұстаздардың жаңа оқу жылына дайындалуына қолбайлау болып тұр.

Сәкен Дәужанов, мектеп директорының орынбасары:

Бізге айтылғаны 20-тамызға дейін бітіріп беремін деген. Бізге сыныптың ішін тазалап, сыныптың бәрін өткізу керек қой. Ақша кеш аударылып жатыр, кеш түсіп жатыр деді. Соған байланысты бізге солай деді.

Пернебек Асанов, Төлеби аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің әдіскері:

Ол мекеменің кешіктіруіне байланысты келісімшартқа сәйкес біз, мінекей, 21-тамыз күні ол мекеменің директорына күндігіне 0,01 процент айыппұл салынатыны туралы хат жазып отырмыз. Енді ары қарай заңгерлеріміз заң аясында жұмыс жасайды.

Ал бұл Көктерек кентіндегі орта мектеп. Былтыр күзде басталған жөндеу жұмыстары ендігі аяқталуы керек еді. Алайда мердігер компания қанша ескерту айтылса да, асықпаған. Уақыт қысқанда облыс әкімінің өзі келіп, мердігерге қатаң талап қойды.

Өңірдегі жауаптылар қыркүйекте оқушыларды қабылдауға бес мектеп дайын емес екенін мойындап отыр. Одан өзге тағы үш білім ошағы балаларды оқытуға рұқсат беретін арнайы лицензияны ала алмаған. Сондықтан олар да 5-11 сынып оқушыларын қабылдай алмайды.

Жанар Қасымова, облыстық білім сапасын қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары:

Департамент тарапынан әкімшілік іс қозғалып, осы аталған үш мектепке мамандандырылған аудандық соттарына іс қозғалып, материалдары жолданған. Нәтижесінде Сарыағаш ауданының, Қазығұрт аудандық, Төлеби аудандық сотының шешімімен үш мектептің лауазымды тұлғаларына әкімшілік айыппұл салынған.

Бала саны бойынша көш бастап тұрған аймақта биыл мыңға жуық мектепте алғашқы қоңырау соғылады. 51 мыңнан аса оқушы бірінші сыныпқа барады.

Айнұр Әбілқасымқызы

Хабарламаларға жазылу