Алматы облысында Дінмұхамед Қонаевтың жүлдесіне арналған ұлттық ат спортынан жарыс өтті. Оған еліміздің үздік шабондаздары қатысты. «Аламан» және «Топ бәйге» бойынша бақ сынаған спортшыларға автокөліктер сыйға тартылды. Волейбол бойынша да сайыс, тартысқы толды. Тілшіміз тарқатады.
Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев сайыстың ашылу салтанатына қатысып, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын жеткізді. Ол бұл доданың маңызы зор екеніне тоқталды. Өйткені мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың өмірден озғанына биыл 30 жыл толып отыр.
Қоғам қайраткерін еске алуға арналған сайыс «Топ бәйгеден» басталды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған 39 шабандоз 15 шақырымдық қашықтықта өзара мықтыны анықтады. Жарыс жолына шыққан әрбір спортшы мәре сызығын бірінші болып еңсеру үшін барын салды. Өйткені жүлде қоры қомақты.
Ерболат Сарабеков, Алматы облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:
Бұл жерде бүгін Аламан және топ бәйге өткізіліп жатыр. Жарыстың жүлдесіне келсек, екі бәйгеге де автокөлік тігіледі. «Аламан бәйгеде» 7-орынға дейін сыйлық беріледі, «Топ бәйгеде» 5-орынға дейін сыйлық беріледі.
Ал «Аламан бәйгеге» 41 шабандоз қатысты. Оларға 25 шақырымды барынша жылдам бағындыру міндеті қойылды. Желмен жүйткігендер арасынан 13 жастағы Ерасыл Разақов сытылып шығып, бас жүлде, яғни автокөлік иесі атанды.
Ерасыл Разақов, жарыс жеңімпазы:
Біз бір жылдай дайындалдық. Қарсыластарымыз мықты болды. Мені үйреткен Ибрагим деген ағам бар. Осындай болып жүргеніме ағама рақмет.
Волейболдан да ерлер мен әйелдер арасында сайыс өтіп, оған 300-ден астам адам қатысты. Доданы ұйымдастыруға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына, жергілікті кәсіпкерлер қол ұшын созған. Айта кету керек, сайысты тамашалауға 2 мыңнан астам адам жиналды.
Нұрсұлтан Тілектес