Биыл егін жинау науқанын уақытылы жүргізу үшін 426 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды.
Дарын Сағитов, тілші:
Ауыл шаруашылығы министрі биылғы қолайлы жағдай егін орағын уақытылы бастауға мүмкіндік берді деді. Дей тұрғанмен диқандар құрғақшылық пен су тапшылығына байланысты бірқатар қиындыққа тап болды. Бұл егістіктің жағдайына әсер етті. Осыған байланысты бірқатар ауданда төтенше жағдай жарияланауы мүмкін. Қазір шаруалардың шығындарын жабу, субсидияларды жеделдетіп төлеу және несие мерзімін ұзарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ел бойынша 2,5 млн гектарға жуық дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар жиналды. Бұл жұмыстар жалғасады. Диқандар арамшөптер мен ауруларға қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын уақытылы жүргізді.
Шаруаларды қолдау тетіктері де қарастырылған. Егін жинау науқанын уақытылы жүргізу үшін биыл 426 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлініп отыр. Жанармай саудасын бақылау, оның ашықтығын қамтамасыз ету үшін бірқатар қосымша шара қабылданды. Мысалы, жеке ПИН-кодтарды тағайындау, виртуалды қоймалар құру бар. Үкімет басшысы егін жинау науқанын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.