«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы жұмысшылардың қауіпсіздігін ескермей, тек пайда табуды ойлап келген. «Қазақстан» шахтасындағы апатқа байланысты өткен кеңесте Премьер-Министр Әлихан Смайылов осылай деді. Өйткені 2016 жылдан бері шахтада болатын төтенше жағдайлар айтарлықтай көбейген.
Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхновтың айтуынша, оның негізгі себептері - технологиялық процестерді өз деңгейінде ұйымдастырмау, қауіпсіздік талаптарын біле тұра ескермеу, өндірістік бақылаудың тиімсіздігі, негізгі және қосалқы жабдықтардың тозуы.
Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев соңғы жылдары «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен өндірісті жаңғыртуға инвестициялар мен өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы шаралар бойынша бірқатар стратегиялық құжаттқа қол қойылғанын хабарлады. Алайда кәсіпорын өз міндеттемелерін орындамай отыр деді.
Премьер-Министр өткен бейсенбіде болған жағдай өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңбұзушылықтармен тікелей байланысты екенін атап өтті. Сондай-ақ, аймақағы экологиялық ахуалдың нашарлауына да осы кәсіпорын кінәлі екенін айтты. Әлихан Смайылов апатты тез арада жою жөнінде жедел шаралар қабылдап, оның себептерін жан-жақты зерттеуге, кінәлілерді анықтауды тапсырды.
Еске салайық, «Қазақстан» шахтасында өрт шығып, 5 кенші қаза тапты. Тағы 11 жұмысшы ауруханада ем қабылдап жатыр.
Асылбек Данияр