Елдің әскери-теңіз күштерінің 30 жылдығына орай кемелер шеруі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елдің әскери-теңіз күштерінің 30 жылдығына орай кемелер шеруі өтті

18.08.2023

Ақтауда еліміздің әскери-теңіз күштерінің 30 жылдығына орай кемелер шеруі өтті. Оған зымыранды-артиллериялық корабльдер, мина-тартқыш корабль мен гидрографиялық кемелер қатысты. Салтанатты жиын барысында әскери теңіз айлағындағы отандық үлгідегі соғыс техникалары таныстырылды.

Мерекелік шара боздақтарды еске алудан басталды. Жиынға ардагерлер арнайы шақырылған. Олардың арасында Қазақтың тұңғыш ғарышкері, халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров те бар.

Әскери-теңіз күштерінің флоты тәуелсіздік жылдары жауынгерлік су көліктерімен толықты. Қазір түрлі мақсаттағы 20-ға жуық корабль мен катер бар. Салтанатты шеруге соның 8-і қатысты. «Қайсар» броньды жүрдек катері-теңіз шекарасын бұзғандар мен табиғат қаскөйлерімен күресте қолданылады.

Мұрат Таңдыбаев, «Қайсар» катерінің командирі:

Соларды қуып жетіп, алдынан орап тойтарыс беруге қуаты жетеді. Алғашқы диверсияға қарсы катер. Жеке құрамда 27 адам бар, 3 адамы экипаж.

Кемелер шеруі мен теңіз әскерінің оқу жаттығуын көрермен жоғары бағалады. Сценарий бойынша қарулы топ Ақтауға теңіз арқылы кірмек болады. Террористік топқа десанттар кенеттен шабуылдап, көзін жойды.

Бауыржан Мұратұлы, әскери-теңіз база командирі:

Бәрі жаңа кемелер. Соның ішінде 4 кемеміз зымыранды-артиллериялық кеме Қазақстанның әскери өнеркәсібінде салынған. Қазіргі сәтте бізде көпфункциональды кеме салынып жатыр. Келешекте 10 мың тонналық кемелерді алу жоспарлануда. 2025-26 жылдары басталады деп ойлаймыз.

Парадтық үлгіде киінген теңізшілер, сарбаздар мен офицерлер көрермен қошаметіне бөленді. Сондан соң қала тұрғындары теңіз жаяу әскерінің және Ұлттық әскери-патриоттық орталығы ұжымының өнерін тамашалады.

Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу