Алматыда АИ-95 маркалы бензин тапшылығы байқалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда АИ-95 маркалы бензин тапшылығы байқалды

18.08.2023

Алматыда АИ-95 маркалы бензин тапшылығы байқалды. Кейбір жанармай бекеттерінде сұйық отын тек талонмен берілсе, кейбірінде мүлдем жоқ. Жүргізушілердің сөзінше тапшылық бір апта бұрын басталған. Бұған қала билігі мен жауапты министрлік өкілдері не дейді?

Бекет қызметкерінің сөзінше қазір АИ-95 маркалы бензин шектеумен сатылады. Кешкі алты мен түнгі сағат 12-нің арасында осы сұйық отын түрін таппайсыз. Тапшылық барын жасырмайды. Мұны жүргізушілерде растап отыр.

Қала билігі мәселені логистикамен байланыстырып отыр. Темір мен автожолдарда жүктеменің көптігінен сұйық отын уақытында жетпей қалған. Әйтпесе, Атырау және Павлодардағы мұнай өңдеу зауыттарымен келісім бар, екі-үш күнде жеткізіледі дейді.

Қайрат Нұрқасымов, қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары:

Қазіргі таңда Алматы қаласы бойынша 2,5 тонна АИ-95 маркалы бензин қоры бар. Және жолда 9,5 тонна бензин жолда келе жатыр.

Ал Энергетика министрлігі мұнай өңдеу зауыттарында өндіріс пен тұтыну мөлшері бір-біріне сәйкес келетінін айтады. Қазіргі таңда екі мұнай өңдеу зауытында 80 мың тонна АИ-95 маркалы бензин шығарылып жатыр. Сондай-ақ, жақында 40 мың тонна сұйық отын Ресейден жеткізілмек.

Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика вице-министрі:

Бүгінгі таңда 18 күнге жетеді. Бірақ өндіріс бойынша қазір күнделікті өндіріс жүріп жатыр. Менің ойымша, қыркүйек айында біз мұндай жағдайды көрмейміз.

Осылайша жауаптылар тапшылық мәселесі екі-үш күнде толық шешіледі дейді. Министрлік мәліметінше қазан айынан бастап Шымкент мұнай өңдеу зауытында да АИ-95 маркалы бензин шығарыла бастайды. Айта кетейін, жанармайдың осы түрі бойынша мемлекеттік шекті бағаны реттей алмайды. Баға нарықтағы сұраныс пен ұсыныс негізінде айқындалады.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу