«АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қарасты жұмыс орындарында бұған дейін қандай апаттар болды? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қарасты жұмыс орындарында бұған дейін қандай апаттар болды?

18.08.2023

Апат орын алған шахта «Арселор Миттал Теміртау» компаниясына қарайды. Аталған кәсіпорынға қатысты мәжіліс депутаттары үн қатты. «Аманат» фракциясы: «Трансұлттық компания басшылығын жауапқа тартып, қоштасар уақыт жетті» деп желіге жазба жариялады. Бұған дейін президент жан жақты тергеу жүргізіп, зардап шеккендерге көмек көрсетуді тапсырған. Алпауыт компанияға қарасты жұмыс орындарында бұған дейін қандай апаттар болды? Қанша азамат көз жұмды?

«АрселорМиттал Теміртау.» Әлем бойынша ең ірі тау-кен өндіру компанияларының бірі. Бұған дейін «Испат Кармет», «Миттал Сити Теміртау» деп аталған. 2006 жылдан бері «Арселор Миттал Теміртау.» Осы уақыт ішінде компанияның қанша жұмысшысы қаза тапты?

1995 жыл. Қараша. Шахтинсктегі Ленин атындағы кеніште метан жарылып 13 кенші көз жұмды

Арада тура үш жыл өткенде дәл осы шахтада газ жарылып, 3 азаматтың өмірі қиылды.

2004 жыл. Желтоқсан. Тағы да «Шахтинск». Тағы да газ жарылысы. 89 жұмысшының 23-і опат болды.

2006 жыл. Ленин атындағы кеніште ең үлкен апат тіркелді. Желдету құбырын ауыстыру кезінде қауіпсіздік ережесі сақталмаған. 41 адам тіл тартпай кетті. Елде қаралы күн жарияланды.

2008 жыл. Қаңтар. «Абай» шахтасында шатыр ауыстыру кезінде жарылыс болып 30 адам қаза тапты.

Осы жылдың маусымында «Тентек» шахтасында газдан уланып тағы да 5 жұмысшы көз жұмды.

Осыдан кейін Арселордағы апаттар тізбегі саябырсығандай еді. Бірақ 2021 жылы Абай шахтасында алты кенші көз жұмып, екеуі газдан уланып жан сақтау бөліміне түседі.

Қайғылы оқиғадан жарты жыл өткенде цехтардың бірінде ғимарат шатыры құлап, 5 адам үйінді астында қалады. Төртеуі қаза тапты.

2022 жылдың маусымында бір апта ішінде 5 жұмысшы мерт болды.

Осы жылдың қарашасында Ленин атындағы шахтада тағы жарылыс тіркеліп, 5 адам қаза тапты.

Егер кешегі апатта қаза тапқан 3 кеншіні қоса алсақ 138 азаматтың өмірі қиылған.

Апат ошағы сол Арселор. Өзгерген опат болғандардың саны ғана. «Траснұлттық компания басшысының есеп берер кезі келді» деген мәжіліс депутаттары бүгін үндеу жасады.

Ерлан Сайыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Қаншама тексеру жүргізілді. Қаншама заңды бұзушылық анықталып отыр. Қазақстанның азаматтарының тағдырына немқұрайлы қарайтын бұндай инвесторлардың Қазақстанда жұмыс істеуге құқы жоқ.

Осылай деген мәжілісмендер Үкімет пен Бас прокуратурадан адам өміріне салғырт қараған компания басшылығын жауапқа тартуды сұрады. Әйтпесе ажал апанына айналған Арселор әлі қанша қазақстандықты құрбан етпек? дейді олар

Елдос Есенбол


Хабарламаларға жазылу