ШҚО-да туристерге қызмет көрсету дұрыс жолға қойылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да туристерге қызмет көрсету дұрыс жолға қойылады

18.08.2023

Шығыс Қазақстандағы кәсіпкерлер жыл он екі ай, тек туризм саласынан-ақ қыруар пайда таба алады. Өңірде су да, ну да бар. Тек инфроқұрылымды жөндеп, туристерге қызмет көрсетуді дұрыс жолға қою шарт. Сондықтан биыл аймақта осы саланы дамытудың жаңа тұжырымдамасы қабылданбақ.

Зарина Мәстекбаева соңғы бірнеше жылда эко-туризм саласын қолға алған. Жыл сайын жаз шыға киіз үй тігіп, бие байлайды. Туристерге Қатонқарағайдың тұмаса табиғаты мен тарихи орындарын салт атпен аралатады. Кәсіпкер бұл жобасын енді қыста да жалғастыруға ниетті.

Зарина Мәстекбаева, туристік компания директоры:

Тек мен емес көптеген кәсіпкерлер жыл он екі ай жұмыс істеуге дайын. Ол үшін, ең алдымен, өңірдегі жол жөнделу керек. Бізге де, туристерге де тек инфроқұрылым қиындық туғызады. Ал Қатонқарағайда мүмкіндік мол.

Сол мүмкіндікті туристер де пайдалана алмай келеді. Өйткені Қатонқарағай мен Алтай ауданы арасында 7 жыл бұрын басталған төте жолдың құрылысы әлі аяқталған жоқ.

Әмина Асқарқызы, Ақтау қаласының тұрғыны:

Катонды мақтан тұтамыз. Бәріне көрсеткіміз келеді. Осы жаққа келңідер, көріңдер деп бәрін шақырамыз. Бірақ ұстап тұрғаны жол ғана ғой.

Былтырдан бастап Бұқтырма су қоймасын дамыту жөнінде жоба жасалған. Ол құжат бойынша заман талабына сай жағажай салыну тиіс еді. Бірақ нақты жұмыс қашан басталатынын ешкім айта алмайды.

Олжас Керейхан, тілші:

Шығыста туристер маусым мен тамызда көп келеді. Өйткені жаз қысқа қыс ұзақ. Қазір Абай облысының аумағындағы айдынды Алакөл өз алдына. Ал өскемендіктер жаз шыға қолы қалт етсе, Бұқтырмаға ағылады. Оны алыс дегендер тамызға дейін Ертістің бойында сая табады. Тек бүгінгідей жауын-шашынды салқынды күндер ғана жағажай бос болады.

Соңғы үш жылда облысқа келетін туристер саны айтарлықтай артқан. 2020-жылы 233 мың, 2021- де 290 мыңға жетсе, 2022 жылы 342 мың турист келген. Нәтижесінде соңғы екі жылда туристік саладан түскен пайда 26 миллиард теңгеге жеткен. Ал биыл қанша турист келгені желтоқсанда белгілі болады.

Марат Қабақов, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары:

Жаңа тұжырмыдамада әр ауданның әлеуеті қарастырылатын болады. Яғни бұл аудандарда жаңа туристік тартымды жерлермен ауылдық жерлерде туризмді дамыту қарастырылатын болады. Сол жерлерге минималды инфрақұрлым жасалады.

Туризмді дамытудың аймақтық тұжырымдамасы жыл соңына дейін бектіледі. Құжатта ауылдағы экотуризмді дамытуға басымдық берілмек.

Олжас Керейхан

Хабарламаларға жазылу