Ақтауда электр қуаты кестемен берілгендіктен, кәсіпкерлер шығынға ұшырай бастады. Кейбір шағын аудандарда сағаттап жарық болмай, тұрғындарға қолайсыздық туғызуда. Бағдаршамдар істемей, кептеліс көбейді. Ал энергокомбинатта апаттың салдарын жою жұмыстары әлі жалғасып жатыр.
Бұл демалыс орындарының біріндегі жағдай. Электр қуаты өшкен кезде барлық атракцион тоқтап қалған. Ақтау қаласындағы жолдарда да у-шу. Бағдаршамдар істемей, кептеліс болып жатыр.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Қазір біз қаладағы 17 мен 19-шағын аудандардың қиылысындағы жолда тұрмыз.Жаңа ғана жарық өшті. Бағдаршам істемейді. Өздеріңіз көріп тұрғандай көліктер бір-біріне жол бермей, тіпті соғысып қалуға шақ қалуда. Ал, дәл осындай жағдай бірнеше жерде болып жатыр.
Шағын дәмханасы мен кондитерлік цехы бар Ақтаулық кәсіпкер Азамат Сәрсенбаев электр энергиясы болмағандықтан қаржылық шығынға ұшырай бастағанын айтады. Себебі, дәмханада 3 сағат бойы бірде-бір техника жұмыс істемейді. Ас әзірлеу мүмкін емес.
Азамат Сәрсенбаев, жеке кәсіпкер:
Кондитерлік өнімдерді сақтау қиын болып отыр. Тіске басарлар мен оған қосатын қоспалар тек тоңазытқышта сақталады. 3 сағатта шамамен 10-100 адам келеді десек, әр қайсысы кем дегенде 1 мың жарым теңге төлейді. Сонда шамамен 100-200 мың теңгеге дейін шығынға ұшыраймыз.
Ал мейрамхана әкімшісі Әлима Шаймерденова қымбат музыкалық аппараттар мен техникалары күйіп кетпеу үшін, үздіксіз қуат беретін құрал сатып алуына тура келген. Ал ол қып-қызыл шығын дейді.
Әлима Шаймерденова, мейрамхана әкімшісі:
Бүгін жиһаздарды химиялық тазалаудан өткізу керек едік.Жұмысшылар келді. Алайда, жарық жоқ. Жұмыстың бәрі тоқтады. Жаңа мейрамхананы іске қосар алдында шаруалар өте көп болатын. Салдарынан нысанды уақытынан кешіктіріп ашатын болдық. Бұл шығынға кетеміз деген сөз.
Энергокомбинат басшылығының сөзінше, апатты жою жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. 3-энергоблоктың генераторы мен қазандықта бірқатар жұмыстар қалған.
Мұрат Иғалиев, энергокомбинат бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары:
Энерголоктың жұмыстары бітті. Қазір қосу жұмыстары жүріп жатыр. Пока бір суткадай уақыт алады толтыру керек. Пока қосу, қыздыру деген сияқты. 2-энергоблоктың жұмыстары әлі жүріп жатыр. 2 күннен кейін толықтай 2 блокты да жұмысқа беру керекпіз.
Айта кетейін, аймақта энергокомбинатта апат болып, 2 бірдей энергоблок істен шықты. Соның салдарынан 545 мегават электр энергиясын өндіріп келген кәсіпорын қазір не бәрі 245 мегават электр қуатымен қамтып отыр. Сондықтан өңірде 3 күннен бері электр энергиясын үнемдеп, кестемен беру шарасы жүзеге асуда.
Аягөз Оралбайқызы