Елімізде күн сайын 6 балаға қатысты қылмыс жасалып, 342 адам тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Балалар арасында 1 күнде 5 қылмыс жасалса жылына 150 жеткіншек терезеден құлап кетіп немесе жазатайым жағдайларға ұшырайды. Қоғамдағы өзекті мәселе бүгін Түркістан қаласында өткен балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселесі жиынында сөз болды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұйымдастырған дөңгелек үстелде қоғам қайраткерлері, сарапшылар мен мемлекеттік ұйым өкілдері өскелең ұрпақ тәрбиесі мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың, әлімжеттіктің алдын алу және отбасы құндылықтарын сақтау мәселелерін талқылады. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі зорлық-зомбылыққа қарсы қоғам мәдениетін нығайту қажеттігін атап өтті.
Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
Бүгінгі іс-шараны арнайы киелі Түркістан жерінде ұйымдастырудың себебі – осындай ауыр қылмыстың жұрт болып, жиылып шешімін табу, қоғамда әдеп нормасын қалыптастыру, профилактика шарасын егжей-тегжейлі талқылап, азаматтық сектор, жауапты органдармен бірлесіп жедел іс-қимыл жасау. Бүгін арқаны кеңге салсақ, ертең кеш болуы мүмкін. Дабыраға салмай, ешкімді дүрліктірмей, проблеманы ашық мойындап, екшелген шешім, зорлық-зомбылыққа қарсы қоғам мәдениетін нығайтуымыз қажет екені белгілі.
Жиында сондай-ақ, осы мәселеге орай «Qazaqstan» ұлттық арнасы түсірген деректі фильм таныстырылды. Онда балалар арасындағы зорлық-зомбылық проблемасына бей-жай қарамайтын, тәжірибелі мамандардың пікірі берілген. «Балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын-алу жөніндегі нұсқаулық» ұсынылды. Сала мамандары мұнан бөлек, еліміздің барлық өңірлерінде зорлық-зомбылыққа ұшыраған отбасылар мен балаларға психологиялық көмек көрсететін орталықтар ашылатынын жеткізді. Балалардың құқығын қорғау комитетімен мектептерде Қауіпсіздік сабақтары енгізілетінін атап өтті.
Динара Закиева, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі:
Балардың қауіпсіздігіне қатысты және балаларға қарсы жасалған қылмыстар бойынша заңға жазаны қатаңдататын, жауапкершілікті күшейтетін өзгерістерді дайындадық. Заң жобасын дайындадық. Бұл заң жобасын сарапшылармен, үкіметтік емес ұйымдармен алдағы уақытта талқылайтын боламыз. Сонымен балаларға арналған мекемелерге қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қазіргі таңда аймақтармен үш жылға жоба дайындап жатырмыз.
Айнұр Әбілқасымқызы