Жұмысына салғырт қарайтын мердігерлерді «Е-кұрылыс» ақпараттық жүйесі қадағалайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жұмысына салғырт қарайтын мердігерлерді «Е-кұрылыс» ақпараттық жүйесі қадағалайды

16.08.2023

Елордада жаңадан бой көтерген тұрғын үй нысандары арасында сапасы сын көтермейтін ғимараттар көп. Мәселен, «Жағалау 4» тұрғын үй кешенінің тұрғындары құрылыстың сапасыздығы мен тиісті құжаттардың жоқтығына наразы. Тұрғындардың сөзінше, мердігер мекеме құрылысты аяқсыз қалдырған.

«Жағалау 4» тұрғын үй кешені үлескерлерге былтыр берілген. Арада жыл өтпей жатып, қабырғалардың сылағы құлай бастаған. Ал жаңбыр жауса төбеден су тамшылайды. Тұрғындар маңдай терімізді төгіп, еңбектеніп жинаған ақшамызға алған баспананың мынадай халі жанымызға батады деп отыр.

Жәния Есімханқызы, үлескер:

Бізде қыстың күні жаңбырлы күні балконның терезелерінен үйге қарай қар кіреді, жаңбыр кіреді. Жөндеу жасаған адамдарға обал. Қаншама материалдары ысырап болды. Төбеден де ақты. Қыста батареялар да жарылды. Біресе су болмай қалды, біресе жарық болмай қалды, біресе жылу болмай қалды.

Құрылысты жүргізген мердігер компания кемшіліктерді түзетуге уәде берген. Бірақ әзірге баяғы жартас сол жартас дейді тұрғындар. Ал жауапты мамандардың нысанды қалай қабылдап алғаны белгісіз.

Мәулен Айманбетов, сарапшы:

Техникалық қадағалаушы мамандар жеке сол құрылыс алаңында болуы керек. Кейбір жерлерде техникалық қадағалаушының бір-екі-үш нысандары болады. Ол бір күн анда, бір күн мында. Ең бастысы, сапаға жауапты ғой. Сол себептен де, қандай жұмыс болмасын, өз көзімен көріп, рұқсатын беріп, ары қарай құрылыс жүруі керек. Іс жүзінде ол қадағаланбайды.

Сарапшылар тиісті заңдардың солқылдақтығын алға тартады. Қағаз жүзінде талап қатаң болғанмен, іс жүзінде мүлде басқа. Көбіне пысықай мердігерлер қадағалаушы орган өкілдерімен ымыраласып, амалын тауып жауапкершіліктен құтылып кетеді дейді тәжірибелі құрылысшы Виктор Микрюков.

Виктор Микрюков, Қазақстан құрылысшылары қауымдастығының төрағасы:

Кірпіштерді қалаған кезде жай ғана бірінің үстіне бірін қоя салған құрылысты да көзіміз көрді. Су басқан жолдар мен көпірлер қаншама. Сол үшін ешкім жазасын алған жоқ. Авторлық және техникалық қадағалауға жауаптыларға қомақты айыппұл салынып, лицензиясынан айыру керек. Кез-келген қылмыскердің жазаға тартылуын мемлекет қадағалауы керек.

Ал жауапты министрлік өкілі құрылыстағы кемшілікті азайту үшін жаңа жүйе енгізілгенін айтады. Яғни кінәратқа көз жұмғандар енді жазадан құтылып кетпейді деп сендірді.

Бақытжан Жүнісбеков, ҚР ИИДМ құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары:

«Е-кұрылыс» ақпараттық жүйесін енгіздік. Бүкіл техникалық құжаттар, құрылыс процесі бастан-аяқ сол платформада тіркеледі. Ол деректерді ешкім өзгерте алмайды. Яғни барлық құжат, бейне, фотоматериалдар осы жүйеде мәңгі сақталады. Тексеріс кезінде инспектор сол жерден көре алады.

Бұл жүйе қазір пилоттық режимде жұмыс істеп тұр. Бағдарлама 123 автожол, 80 тұрғын-үй құрылысына енгізілген. Деректер негізінде тиісті заңға өзгерістер енгізу жоспарланған.

Серік Селеубайұлы

Хабарламаларға жазылу