Рубльдің әлсіреуі Қазақстанға қалай әсер етеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Рубльдің әлсіреуі Қазақстанға қалай әсер етеді

16.08.2023

Ресей рублінің әлсіреуінен Қазақстан нарығына көрші елдің тауары көптеп тасымалдануы мүмкін. Осылай деген экономистер олардың екі есе арзан келетінін де алға тартып отыр. Отандық кәсіпкерлерге бұл оңайға соқпасы анық. Орын алуы мүмкін қаржылай қиындықтардың қалай алдын алуға болады?

Өткен жылдың соңынан Ресей рубінің әлсіреп жатқаны байқалады. Әуелі ішкі экономикалық мәселелер, кейіннен экпорттан түсетін пайда санкцияның салдарынан күрт азайды. Бірақ, шығын еселене берді. Осылай деген сарапшылар, теңге рубльдің бағамына байланбаған, десе де көрші елден тасымалданатын тауардың құны отандық кәсіпкерлерді тығырыққа тіреуі әбден мүмкін екенін айтты.

Рамазан Досов, Қаржыгерлер қауымдастығының сарапшысы:

Мәселен сүт өнімі жыл басынан бері 40 пайызға арзандап отыр. 2021 жылы импорт көлемі 42 пайызды құраса, соңғы 7 айда 23 пайызға түсті. Бірақ былтыр рубльдің долларға шаққандағы бағамы басқаша болатын. Қазір қайта әлсіреп жатыр.

Иә, шикізатты сырттан тасымалдап өзімізде тауар өндіретін компанияға баға бәскесіне келгенде оңайға соқпайды. Бірақ, кей өнім түрлерін көрші елге жіберуден ұтылмаймыз дейді экономистер. Өйткені, нарық 10 есе үлкен.

Сапарбай Жобаев, экономист:

Қайтадан өңделген өнімдер мәселен: рельс, подшибниктер, металл профильдер, титан профильдері олар коперация арқылы жүзеге асырылады да, олардың бағасына оншалықты әсер етепейді. Себебі алдынан келісілген шарттар бар. Сол бойынша өзіміз Ресейге өңделген өнімдерімізде бере береміз. Ал енді мынау тамақ өнеркәсібіндегі ұн, өсімдік майы солар Ресейге бармай қалуы мүмкін.

Отандық кәсіпкерлерді қолдаудың тағы бір жолы өзімізде өндірілетін тауарлардың кеденнен өтуіне уақытша шектеу қою, - дейді сарапшылар.

Расул Рысмамбетов, экономист:

Қазір алдымызда мынадай бірнеше таңдау тұр: біріншісі - Қазақстан нарығын еркін деп танып, барлық елге нарыққа кіруге мүмкіндік беру. Екіншісі - ішкі нарықты тарифке қарамай қорғап қалу. Бірақ, бұдан кейін кәсіпкерлер босаңсып кетуі мүмкін. Үшіншісі - тауар сапасын қатаң бақылауға алып, өңіралық логистиканы мықтап қолға алу керек. Меніңше, ең дұрысы соңғысы.

Сарапшылар, рубль алдағы 5 жыл бойы құбылуы мүмкін деп болжайды. Ресей билігі валюта бағамын ұстап тұруға барын салады деп отыр. Бірақ ішкі интервенцияны жасай алмайды. Өйткені, Европадағы алтын валюта қоры бұғатталған. Нарыққа тартылған капиталды бақылауда ұстап, базалық мөлшерлемені арттыру арқылы депозит пен акциялардың пайыздық мөлшерлемесін көтеруі де ықтимал. Ал бір доллардың 100 рубльге саудалануы уақытша деген экономистер қазақстандық кәсіпкерлерге дәл қазір алаңдауға негіз жоқ екенін айтады.

Әйгерім Ердәулет

Хабарламаларға жазылу