Елімізде 66 мектепте жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары 1 қыркүйекке дейін аяқталмайтын түрі бар. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Үкімет отырысында айтты. Елімізде онсыз да мектеп тапшы екені белгілі.
Бұл Ақмола облысындағы мектептердің бірі. Мердігер жөндеу жұмыстарын белгілі межеден кешіктіріп жатыр. Бұланды, Есіл аудандарында да осындай жағдай. Қазір жұмысшылар тартып, жұмысты жеделдетуге кіріскен. Соның өзінде құрылыс қыркүйекке дейін аяқталмайтын сыңайлы.
Әсет Дүйсенбаев, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:
Бұл нысандарда жөндеу жұмыстарының 50 пайызы аяқталды. Жаңа оқу жылына дейін үлгермейтін болса оқушылар жақын маңдағы өзге мектептерге барып оқиды. Ал ағымдағы жөндеу жұмыстары уақытылы аяқталады. Жалпы, биыл өңірдегі мектептерді жөндеу жұмыстарына 9,3 млрд теңге бөлінді. Бұл былтырғыдан 3 есе көп. Сондықтан бірнеше мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын өткізуге мүмкіндік туды.
Республика бойынша тура осындай жағдай 66 мектепте бар. Оның 48-і жыл аяғына дейін пайдалануға берілсе6 өзгесі оқушыларды келер жылы бір ақ қабылдай алады. Министр бұл елді мекендерде балаларды біліммен үздіксіз қамтудың бірнеше жолын қарастырып қойдық дейді.
Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:
28 мектеп өз мектептерінде оқитын болады. Ол жердегі жөндеу жұмыстары оқу процессіне кедергі жасамайтындықтан ол балаларды өз мектептерінде қалдырылып отыр. Екінші, 26 мектептерде көршілес жақын мектептерде оқу қарастырылған. Оқу процессіне зиян келтірмеу жағы да қатаң бақылауда ұсталынып отыр. Сонымен қатар 10 мектеп бейімделген ғимараттарда оқыту қарастырылып отыр. 16 мектепте тасымалдау жұмыстары қолға алынып отыр.
Бүгінде еліміз бойынша 150-ден астам мектепте балалар үш аусымда оқып жатыр. Министрліктің ақпараты бойынша жыл соңына дейін 54 жаңа мектеп пайдалануға беріліп, 29-ындағы мәселе шешіледі. Келер жылы жайлы мектеп бағдарламасы бойынша тағы 200 білім ошағы пайдалануға берілмек. Осылайша 2025 жылға дейін үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептердің мәселесі толық шешіледі деп сендірді ведомство басшысы.
Оңғар Алпысбайұлы