Солтүсік Қазақстанның 5 ауданында бруцеллез тіркелді. 170 бас ірі қарадан қауіпті дерт анықталды. Облыс бойынша бірнеше елді мекенде шектеу шаралары енгізілді. Бағып отырған малынан айрылған тұрғындардың төленіп жатқан өтемақыға көңілі толмайды.
Эльмира Кәленова, тілші:
Ленинское ауылында 60-тан астам қара малдан бруцеллез анықталды. Ветеринарлар сауын сиырларды жүк көлігіне тиеп, әкетіп жатыр. Мал сойылып, еті шұжық комбинатына жөнелтіледі.
Гүлбақша Сыздықова бүгін қорасында қалған жалғыз сиырынан ғана емес, табыс көзінен де айрылды. Ірі-қара саны азайғандықтан бақташылар мал бағудан бас тартып отыр дейді тұрғындар.
Гүлбақша Сыздықова, Ленинское ауылының тұрғыны:
Екі сиырым бар еді. Алдында біріншісін әкетті, міне екіншісін әкетті. Аузымыздан жырып әкетіп жатыр. Қалай күн көреміз, білмеймін. Жұмыс жоқ, жалғыз пенсияға қарап отырмыз.
Облыс орталығындағы шұжық комбинаттары етті нарықтағыдан екі жарым есе арзан бағаға алады. Ауыл тұрғындары маңдай термен тапқан малын тиын-тебенге тапсыруға мәжбүр. Айтуларынша мемлекет тарапынан берілетін өтемақыны қосқанда сиырдың жарты бағасы да шықпайды.
Берік Жүзенов, Ленинское ауылының тұрғыны:
Шырылдап жатырмыз, өміріміз осы ғой енді. Кішкене тиын болсын деп малдың арқасында өмір сүріп жатырмыз. Кетті бәрі, әкетіп жатыр.
Бірнеше шаруашылықта да қауіпті дерт анықталды. Жыл басынан бері өңірде 600 бас малға бруцеллезге қарсы екпе салынды.
Аманжол Нұртазин, облыстық ветеринария басқармасының баспасөз хатшысы:
Аққайың ауданы Ленинское ауылындағы анықталған 41 малдың иесіне өтемақы төленді. Ол шамамен 5,6 миллион теңге. 30 пайызды мемлекет, яғни облыс бюджетінен өтесе, қалған 70 пайызды сою алаңында жұмыс істейтіндер, яғни кәсіпкерлер төлейтін болады.
Шектеу шаралары енгізілген елді мекендерден мал және мал өнімдерін шығаруға тыйым салынды. Жұқпаның әрі қарай таралуының алдын алу мақсатында қауіпті аймақтағы ірі-қарадан 20 күн сайын сараптама алынады.
Эльмира Кәленова