Отбасы банкі депозитті сату қызметін тоқтатады. Мұндай жаңашылдық 21 тамыздан бастап күшіне енеді. Яғни бұдан былай кез келген адам қолма-қол ақшасына дайын депозит сатып алып, арзан пайызбен үй ала алмайды. Демек жеңілдетілген пайызбен баспаналы болу мүмкіндігінен айырылады.
Астаналық Айжан Сүлейменова Отбасы банкінің депозитті сату қызметін тоқтататынына қарсы. Бұл бағдарлама қарапайым халық үшін өте тиімді еді дейді. Өзі де дайын депозитті сатып алып, үйлі боламын деп жүрген. Бірақ жақында мұндай мүмкіндіктің тоқтатылатынын естіп, бірден банкке келіп, өз уәжін білдіруде.
Айжан Сүлейменова, Астана қаласының тұрғыны:
Сатып алған депозит 5 пайызбен беріледі. 6 жылға 5 пайызбен, қалған ақшаға ғана. Жылы да ол жерде 9 жыл емес, 6 жыл. Сосын бір жақсысы бастапқы сомаға процент салынбайды. Сол ашылған бағдарламаны тамыздың 21-де жабамыз дейді. Халыққа оның еш пайдасы жоқ.
Сарапшылар да қарапайым халық үшін дайын депозитті сатып алу тиімді болғанын айтады. Себебі екінің бірінде ай сайын салымшы ретінде тұрақты түрде ақша құю мүмкіндігі жоқ дейді.
Мақсат Серәлі, экономист:
Ол осы уақытқа дейін ешқашан депозит жинаған емес. Отбасы банкінің салымшысы емес. Сондықтан ол азамат өз пәтерін сатты да, депозит сатып алды, депозитке сәйкесінше 50 пайыз жарнасын құйып, тұрғын үй нарығындағы өзіне ұнайтын үйді сатып алды. Бұл мүмкіншілік. Яғни бұл құрал.
Отбасы банкіндегілер депозитін сатқысы келетіндердің азайғанын айтады. Мәселен, өткен жылдың бірінші жарты жылдығында 1 647 депозит сатылған болса, биыл бұл көрсеткіш екі есеге төмендеген. Есесіне жаңа шот ашқандар саны артып келеді. Биылдың өзінде 273 мыңнан аса адам депозит ашқан.
Данагүл Түсіпова, «Отбасы Банк» АҚ Алматы қалалық филиалының директоры:
Біздің салымшыларымыздың сол депозиттерді сатуға өздерінің ұсыныс бермеуі. Яғни Қазақстан азаматтары, біздің салымшыларымыз өздерінің жинақтаған депозиттерімен өздері болашақта несие алуға тырысады. Сондықтан бүгінгі таңда онлайн табыстау операциясын алып тастауға себеп болып отыр.
Банк өкілдерінің сөзінше депозитті сату-сатып алу тоқтағанымен, туыстарға табыстау қызметі сақталады. Яғни ата-ана, бауырларға немесе өзге де жақын туыстарыңызға өз депозитіңізді бере аласыз. Тек бөгде адамға сата алмайсыз.
Самал Қабышева, тілші:
Айта кетейік, Отбасы банкі депозитті сату қызметін ғана тоқтатып жатқан жоқ. Аталған банк биыл мамыр айында тұрғын үй құнының 50 пайыз жарнасын құйып, бірден ипотека рәсімдеуді де тоқтатты. Осылайша салымшылар баспаналы болудың тағы бір мүмкіндігінен айырған болатын.
Самал Қабышева