«70 мың орын тапшы»: Жатақхана мәселесі қалай шешіліп жатыр? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«70 мың орын тапшы»: Жатақхана мәселесі қалай шешіліп жатыр?

12.08.2023

Елімізде әлі 70 мың студентке орын жетпейді. Бүгін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Алматыдағы жатақханаларды тексеріп шықты. Тапшылықтың басым бөлігі - Алматы мен Астана қалаларында. Бұған дейін Алматыда 30 мыңнан астам түлекке орын жетпесе, биыл оның 10 мыңының мәселесі шешіліпті. Жауаптылар қазір негізгі үш бағытпен жұмыс істеп жатырмыз, дейді. Дәл осы қарқынмен жатақхана тапшылығы түбегейлі 2025 жылы шешеміз деп отыр.


Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

Ақырындап азайып келе жатыр. Біз бірінші министрлік құрылғанда былтыр тамыз айында 87 мың төсек - орын тапшылығымен қабылдадық. Қазір 70 мыңға түсірдік, бір жылдың ішінде. Жатақхана тапшылығына үш бағытпен жұмыс істеп жатырмыз. Бірінші бағыт - құрылыс бағыты. Былтырдан белсенді кірістік бұл жұмысқа. Арнайы субсидиялық нормативтер өзгертілді. Алматы қаласы үшін екі есе өзгертілді. Сол нормативтер өзгергелі 150 компания келісімшартқа отырды.
Екінші бағыт - реконструкция немесе жеке меншік хостелдермен арнайы келісімшартқа отыру. Алматы қаласындағы 59 хостелмен келісімшартқа қол қойылды. 10 мың төсек-орынға кепілдік берілді. Үшінші бағыт ахуалдық орталықтар құрылды. Яғни студент түнде келсе де, таңғы 7-де келсе де немесе далада қалып қалған студенттер болған жағдайда, сол біртұтас ахуалдық орталық нөміріне хабарласып, ең жақын университетке жібереміз, біз. Астана, Алматы, Шымкент қаласында осындай төтенше төсек - орын қоры қалыптастырылған.


Министрліктің мәліметінше, мемлекет есебінен жатақхана саламын деген кәсіпкерлерге әр студенттің орны үшін қаражат бөлінеді.  Мәселен, Алматыда жаңа ғимарат салса бір орын үшін 6 жыл үздіксіз 793 мың 500 теңгеден төленеді. Ал нысанды қайта жөндеуден өткізіп тапсырса, 8 жыл 317 мың 400 теңге беріледі. Осы аптадан бастап паналайтын жер таппай қалған студенттер тәулік бойы жұмыс істейтін ахуалдық орталыққа хабарласып, көмек сұрай алады.


Әйгерім Ердәулет


Хабарламаларға жазылу