Түркияда жер сілкінген Малатия провинциясына көршілес облыстардан құтқарушылар мен дәрігерлер жіберілді. Естеріңізге сала кетейік, кеше кешкісін елдің оңтүстік шығысында қуаты 5,3 баллдық зілзала болды. Абырой болғанда адамдар аман. Дегенмен жарақат алғандар мен құлаған ғимараттар бар. Қазір бізбен тікелей байланысқа шығып тұрған Түркиядағы тілшіміз Айдос Әшімұлынан мән-жайды білейік.
Айдос Әшімұлы, тілші:
Кеше Түркия уақыты бойынша кешкі тоғыздар шамасында Малатия провинциясында жер сілкінді. Дегенмен бұл аса қуатты зілзала емес. 5,3 балл. Қаза тапқандар жоқ. Тек 23 адам жеңіл жараланып, бір ескі ғимарат құлаған. Сондай ақ алты ай бұрынғы жер сілкінісінде қатты зақымданған екі ғимарат жермен жексен болды. Түркия ішкі істер министрінің мәліметінше жараланғандардың көбі құлап қалғандар мен қорқыныштан балконнан секіріп кеткендер. Мамандар жаралылардың өмірлеріне еш қауіп төніп тұрмағанын, тек аяғы сынған бір баланың ғана ауруханаға жатқызылғанын айтып отыр. Қазір жер сілкінген Малатияға көршілес облыстардан да құтқарушылар мен дәрігерлер жіберілді. Жер дүмпуі көршілес Газиантеп, Диярбакыр, Кахраманмараш облыстарында да сезілген.
Ләйлә Дулатқызы, жаңалықтар жүргізушісі:
Айдос, мамандар бұл өңірде жер сілкінісінің қайталану қаупі туралы не дейді?
Айдос Әшімұлы, тілші:
Жалпы Түркияның оңтүстік шығысында алты ай бұрын болған жойқын жер сілкінісінен кейін бұл аймақта әлсін әлсін жер дүмпулері болып тұрады. Олардың көбі 4-5 балл шамасында. Мамандар үлкен зілзаладан кейін мұндай тербелістердің болуы заңдылық екенін, яғни үрейленуге еш негіз жоқ екенін айтып отыр. Дегенмен кешегі жер дүмпуінен соң Малатия қаласында ауыз су лайланып кеткен. Сондықтан мамандар әзірге үйден ағып тұрған суды қолданбау керектігін айтты.
Айдос Әшімұлы