Шығыс Қазақстан облысында қуаңшылықтың кесірінен биыл да ауыл тұрғындарына жем-шөп дайындау қиын болып тұр. Осы ұрымтал тұсты ұтымды пайдаланған алыпсатарлар жем-шөптің бағасын күн санап көтеріп жатыр. Ал қаржысы бар шаруалар қысқа мал азығын Жетісу мен Павлодар облысынан тасымалдап жатыр.
Алтын болмаса да бағасы бас бермей тұр. Айыртау ауылында тұратын Арман Табыс таңның атысынан, күннің батысына дейін шөп дайындайды. Қорасындағы азғана малға алғашқы қар жауған күннен бастап, жем-шөп береді.
Арман Табыс, Айыртау ауылының тұрғыны:
Маған енді 15 тіркеме шөп тұр. Әлі 10 тіркеме шөп керек. Былтырғы шөбім қыста аз болып қалды. Былтыр малда көтерем көп болды. Бұл шөп мәселесі қиын болып тұр. Біраз қинайды.
Қиналса да шаруалар оймен қырды аралап шөп шауып жүр. Өйткені шабындықтың аңқасы кеуіп жатыр.
Олжас Керейхан, тілші:
Сарғайып жатқан бұл сары алқаптың бәрі негізінен шабындық.Алайда соңғы үш жыл қатарынан болған қуаңшықтың кесірнен жер тозып мынадай қатты шөп шыға бастаған. Енді жаңбыр жаумаса жайылмаға да жарымай қалуы мүмкін. Өйткені жердің кенезесі кеуіп, таңы айырыла бастаған.
Шабындығы көктемей қалған шаруалар шөпті басқа жақтан тасымалдап жүр.
Қозыбек Қамзин, шаруа:
Тырнаштап күні кешке дейін жүргенде бір жарты тіркеме шөпті әрең шауып аламыз. Сатып жатқанның бәрі қымбат. 1100 дейді кішкентай бумасы. Рулонның бағасы 16 мың деп еді. Енді 25 мың көтеріліп кетті дейді.
Кейбір тұрғындар шөпті Павлодар облысынан сатып алып жатыр. Шөп тасымалдаушы алыпсатарлар шөптің бағасы біртіндеп өсіп бара жатқанын айтады.
Ірі шаруашылықтар шөп дайындауға маусым айында кіріскен. Бірақ түсімі көңіл көншітпей тұр.
Жақсылық Қасенов, шаруашылық жетекшісі:
Шабындық өте көп емес. 300 гектар жеріміз бар. Бірақ оған қарамай жайылымды жыра, тау-тас бәрін шабамыз. Оның бәрін шауып алдық. Бірақ түсімі онша мандыған жоқ.
Жалпы облыстағы 790 мың басты малға бір қыста 830 000 тонна жем-шөп қажет. Ал биыл 640 мың гектар жерге мал азығы егілген. Оның 120 мың гектары көп жылдық шөп. Бүгінге дейін өңірдегі шаруалар 35-40 пайыз ғана мал азығы дайындаған.
Диляра Жылқайдарова, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
Жем-шөп жеткіліксіз болған жағдайда, біз аудандық әкімдіктермен жұмыс жүргіземіз.
Орман шауашылықтарындағы жерлерді және қосымша пайдаланатын жерлердің бәрін ауылдық тұрғындарға, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерге шабуға беруге.
Өңірдегі жеке тұрғындар жем-шөп қорын дайындауға енді ғана кірісті. Ал қыс болса, қыр астында.
Олжас Керейхан