Алматы облысында ата-аналар лагерь жұмысына шағымданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында ата-аналар лагерь жұмысына шағымданды

09.08.2023

Алматы облысындағы балалар лагерінде тағы да шу шықты. Бұл жолы ата-аналар Жамбыл ауданы, Қарғалы ауылындағы «Tau-Land» сауықтыру орталығының жұмысына шағымданды. Айтуларынша екі-үш күннен бері балалары хабарласып, алып кетуін талап еткен. Облыс әкімдігі лагерьді тексеруге арнайы комиссия құрыпты.

Жанар Орынбасарқызы, ата-ана:

Балалар көп жатыр бір бөлмеде. Көңіліме ұнаса, балам кетемін деп айтпайтын еді ғой. Сондықтан баланы алып кетіп бара жатырмын. Негізі кеше алып кетуім керек еді.

Екі күннен бері ата-аналар демалыс орнынан балаларын әкете бастаған. Жанна Орынбасарқызының сөзінше, ұлы орталықтың іші лас, тәрбиешілер дұрыс қарамайды деп шағымданған. Оған қоса топтағы ересектер кішілерге әлімжеттік көрсеткен.

Әлихан Орынбасар, лагерьде демалушы:

Балалар деген таңертең тұрғанда су шашады бетімізге. Тіс пастасын жағады. Тағы ұра береді. Ерасыл деген баланы бес жылатып, ұрғызды.

Өздерін лагерь қызметкеріміз деп таныстырған бір топ адам журналистерді ішке кіргізбеді. Орталық басшысы сұхбат беруден бас тартты. Алайда жағдайды көзімен көрген ата-аналар іші балаға лық толы, тіпті дәлізде жатқандар да бар дейді.

Гүлжанат Аманқожаева, ата-ана:

Мен кірдім. Тәрбиеші келе жатыр екен. Қай жерде деп едім. Кірсем, шынымен 17 бала жатыр. Кіргенде коридор кішкентай ғана. Одан ары кірсеңіз, екі жақта екі бөлме. Коридорда да балалар жатыр. Екі бөлмеде де жатыр. Менің қызым жататын жерде 10 қыз жатыр.

Шағымдарға қатысты лагерь басшылығы қандай да бір түсінік беруден бас тартты. Ал 10 күн бұрын ғана орталыққа санитар дәрігерлер тексеріс жүргізген. Олар талап сақталмаған, тар бөлмеде бірнеше бала жатқанын айтты. Мұны құзырлы орган өкілдері де растап отыр.

Бауыржан Кенжебекұлы, Жамбыл ауданы прокурорының орынбасары:

Тексерістің нәтижесінде заң бұзушылықтар анықталған. Атап айтқанда, санитарлық нормалар бұзылған. Өрт қауіпсіздігі бұзылған.

Орталықта демалып жатқандардың дені әлеуметтік осал топтан шыққан балалар. Демалыс орны облыстық білім басқармасының тендерін ұтып алған. Құзырлы орган өкілдерінің айтуынша орталықта әлі де тексеру жүріп жатыр. Нәтижесі 10 күннен кейін белгілі болады.

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу