Абай облысында жаңадан құрылған аудандардың әлеуметтік-экономикалық ахуалы оңалып келеді. Мәселен өз еншісін алып аудан атанған Ақсуат өңірінде бір жыл ішінде кәсіпкерлік нысандар көбейіп, инвестиция көлемі артқан. Бюджетке құйылатын салық ұлғайды. Соның есебінен өңірдегі елдімекендердің инфрақұрылымы жақсарып келеді.
Екпін Ақсуат ауданындағы ең үлгілі ауылдардың біріне айналды. Бірер жыл бұрын мәселесі шаш етектен болған елді мекенде бір жылдың ішінде қыруар жұмыс атқарылған. Жол, жарықтандыру мен ауыз суға қатысты түйткіл шешімін тапты. Қазір еңселі мәдениет үйінің құрлысы жүріп жатыр.
Зәмзәгүл Төлеубаева, Екпін ауылының тұрғыны:
Көп жаңалықтар бар. Мына жолымыз түзеліп, мына ауылымыздың жастарына клуб салынып жатыр 150 орындық. Көп үйлеріміз салынды міне. Қаншама көп балалы отбасыларға үйлер беріліп жатыр.
Құрылыс Ақсуат ауылында да қарқынды. Соңғы жылдары екі пәтерлі 60 тан астам үй бой көтерген.
Совет Жәлелбекұлы, Ақсуат ауылының тұрғыны:
18 үй , екі пәтерлі жұмыстары жүргізіліп жатыр. Көріп отырмыз. Аяқталуға жақын. Ақсуат енді бұрынғыдай емес, биылғы жылы көркейіп келе жатыр. Бұған енді халық болып қуанамыз. Ауданымыз жарқырап, көшеміз жарқырап тұрса.
Аудан орталығында жақында ғана жаңа спорт кешенінің құрылысы аяқталған. Тозығы жеткен стадион қайта жөндеуден өткізіліп жатыр. Биыл бірнеше елді мекенде дәрігерлік амбулатория, клуб, тұрғын үй құрылысы жүргізіледі.
Асхат Смаиылов, Ақсуат ауданының әкімі:
Жекеменшіктің салынған капиталы 5 еседен асты. Бүгінгі күнде 6 миллардтың үстіне шықты. Жылдың аяғына біз жоспарлап отырмыз. 12 миллиардтан асады деп есептеп отырмыз. 202 жаңа кәсіпорын тіркеуден өткен. Нәтижесінде, біздің аудан бюджетіне түсетін салық 10 есеге артып отыр.
Келер жылы балалар сауықтыру лагерінің құрылысы басталмақ. Оған қоса жергілікті меценаттардың қаржысына заманауи әуежай салу жоспарда. Өңірдің гүлденіп, ірі жобалардың іске асуына Ақсуаттың жеке аудан болып құрылуы сеп болды дейді ауылдықтар.
Ержан Жақып